Соңғы кездері қыз-келіншектер арасында кәріс косметикасының базары жүріп тұр. Әлбетте, сұраныс болғасын ұсыныс та көп. «Таңғы самал» елінің «жасартып, сұлуландыратын» «сиқырлы» косметикалық өнімдерін сататын дүкендерді әр қаладан көптеп кездестіруге болады. Интернет дүкендер де өріп жүр. Алғашқы болып атақты ВВ кремдері сауда сөрелеріне түсе бастағанына 3-4 жыл ғана уақыт өткеніне қарамастан, нәзік жандылардың сұлулық сөресінен берік орын тепкен кәріс косметикасының құпиясы неде? Шынымен «түбі бір азиаттық» болғандықтан қазаққа кәріс өнімі жаға ма? Әлде бәрі кәріс сериалдарының әсері ме? Олардың ең танымал әрі нәтижелі брендтері қайсы? Жалпы, брендтердің бір-бірінен айырмасы қаншалықты? Неге жай ғана бетке арналған бір кремді жағу үшін оның алдында он шақты құралды пайдалану керек? Олардың күндізгісі бөлек, түнгісі бөлек тағы. Эмульсия, эссенция, тонер, тоник, стартер, гидрофильді май, гель деп кете беретін бет күтіміне арналған құралдардың қалың қатарын қалай, қашан, не үшін қолдану керек? Осы сұрақтарға жауап іздеймін деп жүріп, корей косметикасы туралы біраз мәліметке қанықтым. Бөлісе отырайын.
Жалпы, Корея пластикалық операция жасату жөнінен алдына жан салмайды екен. Әсіресе мұрын және көз қиығын өзгертетін операциялар көп көрінеді. Операция жасатқанын ешкім жасырып та әуре болмайды. Тіпті, мектеп бітірушіге хирургиялық ота жасатуға сертификат сыйлау кең етек алыпты. Дегенмен, дәрігерлер бет әлпетіңізді өзгертіп берсе де, тері күйін жақсартып жібере алмасы анық. Жылтыраған мінсіз теріге кәрістер үздіксіз күтім жасау арқылы қол жеткізеді. Және күн сәулесінен қорғанады. Ертеде күріш алқабында еңбектеніп әуре болмайтын байдың қыздары аппақ болады екен. Аққұба өң әлі күнге ақсүйектік белгісі деп саналады. Сондықтан кәріс косметикасының бәрінде дерлік күннен қорғау әсері бар.
Кореядағы әрбір бесінші тұрғын кемінде бір рет пластикалық операцияға жүгініпті.Мысалы, кәрістің қыз-келіншектері бет күтіміне таңертең-кешке міндетті түрде кемі жарты сағаттан уақыт бөледі деседі. Күнделікті ертелі-кеш 4-5 сағатын сыланып-сипануға арнайтын ханымдар да бар екен. Ел ішінде жүргізілген ауқымды сауалнамадан әйелдердің 89 пайызы боянатын емес, теріге күтім жасайтын заттарды алатыны белгілі болған. «Өз линияңызды тапсаңыз, нәтижесін міндетті түрде береді» дейді білетіндер. Сосын оны тері типіне сай таңдау керек және жүйелі түрде қолдану шарт. Алайда, косметикалық құралдар құрамындағы косметологиялық қауіпсіздік тұрғысынан толық зерттелмеген өнімдердің қолданылуы күдік тудырады. Мысалы, «Қазір хитқа айналған ұлу - гормон іспетті цикотин деген зат бөліп шығарады. Ол жасушалардың бөлінуін арттырады. Ал ағзаға енген соң, болашақта қандай әсер беретіні белгісіз» дейді ресейлік ғалымдар. Цикотин ұлудың бақалшағын толықтай қалпына келтіре алады екен. Сондай-ақ, елімізге ағылып жатқан жатқан осы өнімдерді қолдануға Денсаулық сақтау министрлігінен ешқандай бақылау жоқтығы да ойландырады...
Әдетте кәріс әйелі таңертең және кешке бет күтіміне арналған 17 түрлі косметикалық құрал қолданады.Бір жақсысы, кәріс косметикасының бағасы қолжетімді. Бір жаманы, оның түпнұсқа, әлде көшірме екенін айырып болмайсыз. Аса қымбат болмайтыны, өндірістің арзандығынан: зауыттар күрделі технологиялармен шикізат өндіріп бас қатырмай, дайынын сатып ала салады. Айтпақшы, атышулы ВВ кремдер алғаш Кореяда емес, 1968 жылы Германияда шыққан екен. Дәрігер-дерматокосметолог Кристина Шраммек отадан кейінгі тыртықты кетіруге арналған медициналық мазь ретінде ойлап тапқан. Алайда, ол жақта жолы болмаған құралды кәріс ағайындар жетілдіріп, нарыққа шығарып кеп жібереді. Беті жылтырап тұру үшін бәріне дайын кәрістер бұл өнімді бірден жылы қабылдапты. Сөйтіп, ВВ кремдер әлемді жаулауға кіріскен.
Кореяда өздерінің 150 түрлі косметикалық бренді бар.Қазақстанға алғашқы болып жеткен брендтер – Missha, Holika Holika, Tony Moly, The face shop, Mizon, Skinfood, Secret Key, Nature Republic, т.б. Өндіруші көп болғандықтан, өзара бәсеке де күшті болатыны түсінікті. Бұл да өз кезегінде бағаға, сапаға әсер етпей қоймайды. Тұтынушының көңілін табу мақсатында өндірушілер үнемі ізденіс үстінде. Айталық, Tony Moly қожалары косметиканың күлкілі, қызықты дизайнмен шықса көбірек өтетінін байқапты. Содан арулардың айнасының алдында түрлі «пандалар», «жемістер», «мысықтар», «жұмыртқа», «томат» т.б. пайда болды. Одан бөлек, косметикалық өнім түрі үнемі толығып отырады. Шынтаққа арналған крем, ерінге тинт, жылы сумен жуылса да, жауын-шашынға төтеп беретін тушь, бір жағып қойсаң бір апта кетпейтін қарындаш, бұғақты кетіретін маска сынды көптеген «экзотикалық» нәрселер бар.
Маған ұнағаны:Гиалурон қышқылы. Алғашқыда тілім де келмеген бұл сөзден қазір мүдірмейтін болдым. Мен ғана емес, көптеген терісі құрғақ әйелдер қауымы гиалуронсыз төмірін елестете алмауға айналған. Гиалуронның басты қызметі - жас ұлғайған сайын азая беретін терідегі ылғалдың орнын толтыру. Құрғақ теріге әжім ерте түсетін болғандықтан және жалпы балбырап тұрғанды жақсы көретін кәрістер бұл қоспаны косметикалық өнімдеріне аямай қосады. Тіпті таблетка түрінде де ішеді екен. Сонымен, теріні ылғалдандыратын құрал іздесеңіз, құрамында гиалурон бар-жоғын тексересіз. Алайда, гиалуронның шектен тыс көптігі бетті көлкілдетіп жіберетінін де ұмытпау керек. Мысалы, түнге қарай құрамында гиалуроны бар бірнеше затты қолданып және түнгі кремін не маскасын жағып алсаңыз, таңертең бетіңіз көнектей болып тұруы әбден мүмкін. Ал менің су тисе қызарып, кеуіп шыға келетін терімді «құтқарған» - Holika Holika 3 Sekonds Starter Hyaluronic Acid стартері болды. Кереметі сол, беттегі ылғалды сақтап қана қоймай, одан кейін жағылатын кремдердің әсерін де күшейтеді екен.
Мата маскалар. Көз, мұрын, ауыз тесіктеріне арналған ойықтары бар материалға пайдалы заттар сіңірілген. Ағартатын, әжімдерді азайтатын, ылғалдандыратын, нәрлендіретін, безеу-бөртпелерді кетіретін, терінің түсін жақсартатын, дақтарды кетіретін, қысқасы, нақты проблемаға қарай қалағаныңды таңдап алуға болады. Қолдануда ыңғайлы, 15-20 минуттан соң алып тастайсыз, жууды қажет етпейді. Бетке арналған маскаларды аптасына 2 реттен 1-2 ай қолданса нәтижелі болады.
Қабаққа арналған гидрогель патчтар. Май қабаты жоқ, жұқа әрі сезімтал қабақ терісін ылғалдандырады, көздің астындағы ұсақ әжімдерді азайтып, іскенді, көгергенді кетіреді. Бұған да таңдау зор, нақты проблемаға қарай алтын тозаңы сіңірілгенін, жылан уына малынғанын немесе дәрумендермен байытылғанын таңдап алуға болады. Қай қайсы да кешенді әсер етіп, қабақтың нәзік терісінің күйін жақсартады. Мұндай жапсырмаларды күнделікті қолдану ұсынылады.
Өзіме ұнаған алғашқы үштікке осыларды қойдым. Бұдан басқа жуынуға арналған көбік, пилинг-гель, қара нүктеден арылтатын бальзам, күндізгі маска-праймер көңілден шықты. Шаш күтуміне арналған құралдар да тамаша деседі, әлі қолданып көрмедім. Басқа қаптаған «скиндер» мен «серумдардың» ара-жігін ажырату үшін, әлі біраз косметика нуына сүңгу керек екен.
Айтпақшы, косметикалық құралдардың көбінің құрамына «коллаген» қосылатынын естіп жүрміз ғой. Ол - терінің серпімділігіне жауап беретін ақуыз. Уақыт өткен сайын ағза табиғи коллаген өндіруді азайтып, қайтанған шақта мүлдем тоқтатады екен. Терінің салбырап, босап қалатыны содан. Осының алдын алу үшін көптеген косметикалық өнімдердің құрамына коллаген қосылады. Сол коллаген шошқадан алынады екен. Биологтарға сенсек, адам мен шошқа ағзасының ұқсас көрінеді.Кәріс қыз-келіншектері тек косметиканың күшіне сүйенеді деп ойлау әбестік. Олар дұрыс тамақтанады және суды дұрыс іше біледі, спортты серік еткен. Бетке арналған жаттығулар мен массаж жасауды жас кездерінен әдетке айналдырады. Медитация, йогамен көптеп айналысулары – жан сұлулығына да ұмтылатындарын білдірсе керек. Қысқасы, жас әрі тартымды көрінгіңіз келсе, өмір салтыңызды жан-жақты түрде қайта қарастыру керек. Бетке арналған жаттығулар мен массаж түрлері туралы білгеніммен алда бөлісе жатармын. Әзірге осы. Өзіңіз де, әлеміңіз де әдемі болсын!