Егер әлі сырт киім ала қоймаған болсаңыз, жаңажылдық жеңілдік пен алған сыйақыңызды пайдаланып, ішік немесе тон сатып алсаңыз болады.
Қандай ішік алу керек?
Әрине, алдымен қанша қаржы жұмсайтыныңызды есептеп аласыз. Содан соң тұратын жеріңіздің климатына қарайсыз.
Оңтүстік аймақтағылар соңғы уақытты қысқа жеңді, сәнді ішік киіп жүр. Ондай түрін әдетте ұзын, былғары қолғаппен үйлестіру керек.
Солтүстік аймақтағыларға қақаған аязға төтеп беретін бұлғын, түлкі, қой терілерінен жасалған ішіктерді, ал оңтүстіктегілерге қаракөл, күзен, құндыз, қоян, ақкіс секілді жұқалау аң терілерінен тігілген ішіктерді алуларына болады.
Одан соң ішіктің түгін мұқият тексеру керек. Тонның ішкі жағындағы сыдырманы ашып, оның сапалы, дұрыс өңделген, өңделмегендігін, боялған, боялмағандығын тексеруге болады.
Қалдықтардан құралған ішік әдемі, сәнді болып көрінгенмен ұзақ кие алмайсыз, тігісінен сөгіліп кете береді, сондықтан сатып алар кезде мұны да ойлаңыз.
Еркек аңның терісі ұрғашы аңдікіне қарағанда, сондай-ақ жабайы аңдікі қолдан өсірілгендікіне қарағанда қалыңырақ, жылырақ болып келеді. Алайда ұрғашы аңдікі жылтыр, әдемі, жұқа болғандықтан қымбатырақ. Егер тоңғыш болсаңыз, еркек аңның терісінен жасалғанын ала беріңіз.
Егер бір ішікті ұзақ кигіңіз келсе, сәннен қалмайтын трапеция пішініндегі кәмшат, аю, құндыз, қой, бұлғын, жанат, түлкі, күзен терісінен тігілгенін аласыз. Ал егер тек сәнмен ғана киінуді ұнататын болсаңыз, онда қаракөл, ақ тиін, сусар терілері 6–7 жыл, ақкістікі 4–5 жыл ғана шыдайтын терілерден жасалған әрі соңғы сәнге сәйкес боялған тондарды сатып ала аласыз. Ең төзімсізі – қоян терісі.
Сатушылар тондардың қанша түрі болса да, қыз-келіншектердің негізінен, күзен, қой, ешкі терісінен жасалғандарын, ал қазіргі сәндегі қаракөл, құндыз терілерін тек ерекше сәңқойлар ғана алатынын айтады.
Ішікті немен кию керек?
Бұрын қандай ішік алсаңыз, дәл сондай бас киім алу керек болатын, қазір күзен терісінен жасалған тоннан басқасына бұл қағида жат, яғни алған ішігіңізді кез келген орамалмен, тоқыма бас киімдермен, мойынорағыштармен кие беруіңізге болады.
Қымбат ұзын тондар – кешкі шараларға арналған жұқа көйлектердің сыртынан кие салғанға өте ыңғайлы.
Күнделікті киюге тізеге дейінгі тондар, ал көлігі бар аруларға қысқарақ түрі тиімді. Қазір жеңі қысқа тондар сәнде. Бұлар көбіне машинасы барлар мен жұмыс орны жақындарға дұрысырақ.
Еуропада күзен тондарды спорт стиліндегі тоқыма бас киім, джинсы, сникеррс, кроссовкамен де кие береді. Олар қымбат ішікпен тағы бір қымбат киім киген «кәрі етіп көрсетеді» деп есептейді. Сондықтан батыл бойжеткен болсаңыз, осы стильді ұстануыңызға немесе жоғарыда айтылғандай, өзімізге үйреншікті берет, мойынорағыштар тағуыңызға болады.
Сонымен, тоныңыз құтты болсын!
Сурет: dressterra.ru (өңделген)
Оқи отырыңыз:
Костюмді қалай таңдаймыз?
Бойжеткенге арналған кеңестер
Адамдар сізді бағалауда қай жерге қарайды?