Шифоннан тігілген жеңіл белдемше — сәнді трендке қарамайтын бойжеткендер гардеробындағы әмбебап киімдердің бірі. Мұндай киімді немен киеміз? Бүгінгі материалда шифон белдемшені үйлестіріп киюдің бірнеше үлгісін ұсынамыз.
Шифон белдемшенің танымал үлгілері:
– Биыл сәнді жазғы киімдердің біріне көлемді пачка белдемше жатады. Оның шифоннан тігілген түрлері де кездеседі. Егер сізде шифоннан тігілген пачка белдемше болса, одан көптеген нәзік романтикалық киім үлгілерін жасауға болады;
– Тағы бір кең таралған үлгі — бүрмеленген жеңіл ұзын белдемше. Биыл бүрмеленген шифон белдемшенің миди ұзындықтағы түрлері сәнге айналып жатыр;
– Шифоннан тігілген қысқа белдемшелерді де таңдауыңызға болады, алайда оның қатты мөлдір (прозрачный) болмауын қадағалаңыз. Оның астарының тығыз болуын тексеріңіз.
Шифоннан тігілген ұзын белдемшені немен киеміз?
Ұзын белдемшемен қазір танымал болып жатырған бохо стилін жасауға болады. Оны қалпақпен, бос тұратын топпен, былғары рюкзак немесе ұзын бауы бар шағын сөмкемен және сандалмен толықтырыңыз. Мұндай белдемшелермен өріммен жасалған шаш үлгілері өте әдемі көрінетін болады. Нәтижесінде, серуендеуге арналған керемет киім үлгісі шығады.
Шифоннан тігілген миди белдемшені немен киеміз?
Миди белдемшемен кеңсе киіміңізді түрлендіруге болады. Миди белдемшені қатаңдау топпен, жакетпен және классикалық қайықша (лодочки) аяқ киімімен толықтырыңыз. Тізеден тұратын шифон белдемше лофер немесе оксфорд аяқ киімдерімен жақсы үйлесім табады. Сонымен қатар, мұндай белдемшелерді жинақы ақ кроссовкамен де киюге болады.
Шифоннан тігілген қысқа белдемшені немен киеміз?
Егер қысқа шифон белдемшемен романтикалық киім үлгісін жасағыңыз келсе, аздап өкшесі бар жеңіл аяқ киіммен киіңіз. Егер басқа стильді қаласаңыз, қысқа белдемшені ашық түсті футболкамен және спорттық аяқ киіммен киіп көріңіз.