Шашағы бар аяқ киімдер жазғы трендтен нағыз сәнді классикаға айналып кетті. 2016 жылы мұндай аяқ киімдерді кез келген жерге батыл киюге болады.
Осы мерзімде сандалдар, өкшесі бар жеңіл аяқ киімдер, туфлилер, лоферлер, слипондар, тіптен кроссовкалардың да шашақпен безендірілген түрлері сәнге айналды.
Егер кез келген стильге сәйкес келетін әмбебап аяқ киім үлгісін іздесеңіз, шашағы бар лоферлер, броги және оксфорд аяқ киімдерін таңдаңыз. Мұндай аяқ киімдер іскерлік костюмді де, нәзік көйлекті де толықтыра алады.
Жазғы кештерге және қонаққа шашағы бар биік өкшелі аяқ киімдер сай келеді. Егер мұндай аяқ киімнің сәнді бауы бар болса, кез келген қарапайым көйлекті әдемі ете түсетініне сенімді болыңыз. Шашағы бар биік өкшелі аяқ киімді жібек матадан тігілген комбинезонмен үйлестіруге болады.
Шәркейдің (шлепанцы) де шашағы бар түрлерін көптеп кездестіруге болады. Оны жазғы демалысқа өзіңізбен бірге алып кетуге болады, себебі одан аяғыңыз терлемейді және өте ыңғайлы.
Шашағы бар сандалдар және басқа жеңіл аяқ киімдерді жаз мезгілінде шортымен, джинс шалбарымен, белдемшелермен және көйлектермен де кие беруге болады. Гладиатор сандалдар биыл сәнге қайта оралған болатын. Шашақтар гладиатор аяқ киімдерге де жетті.
Жоғарыда айтылған аяқ киімдерді бохо стильдегі киімдермен үйлестіріп, өзіндік ерекше стиль жасауға болады.