Сусабынмен басымызды күнде жуғанымыз дұрыс па? Бар мәселе осында. Шаш күтіміне байланысты біз білетін көптеген аңыз бар. Бүгін осы аңыздарды жоққа шығарып, назарларыңызға сусабынға байланысты шынайы фактілерді ұсынамыз.
1. Сусабынды шашыңыздың түріне байланысты таңдаңыз. Жұқа шаштарға көлем сыйлайтынын, ал қалың шаштарға ылғалдататынын қолданған абзал.
2. Сусабынды қолданған соң бас терісінің жылдам құрғап, дұрыс тазармағанын байқасаңыз, бұл сусабыннан бас тартыңыз. Сыртында «Clarifying shampoo» деген жазуы бар сусабындар басты тазартып қана қоймай, ылғалдылығын сақтап қалуға көмектеседі.
3. Сусабынның сақталу мерзіміне назар аударып көрдіңіз бе? Әрине, оны ашып кететін азық-түлікпен салыстыруға болмайды. Бірақ уақыт өте құрамындағы әсер етуші заттарын жоғалтып алатыны анық. Сондықтан сақтау мерзіміне назар аударыңыз.
4. Сусабынды пайдаланып жатқан кезде бас терісін уқалаңыз. Бұл шаштың саулығын сақтап қалуға көмктеседі. Мұнымен қатар, шаштың өсуін жылдамдатады.
5. Көбіршіктерді қадағалаңыз! Көпіртіп жуған кезде шашымыз жақсы жуылады деп ойлаймыз, алайда бұл түбін дұрыстап жууға кедергі жасайды. Орташа ұзындықтағы шаштарға сусабынды тиынның көлеміндей ғана пайдаланған дұрыс.
6. Еш уақытта басыңызды ыстық сумен жумаңыз. Бұның салдары ауыр болуы мүмкін. Біріншіден, шаштарыңыз жансызданып, түсе бастайды. Екіншіден, тез майланып кету қаупі бар. Сол себепті оны жылы сумен жуып, суығырақ сумен шайыңыз. Осылайша, шаштарыңыз жылтырайды.
7. Қымбат деген – жақсы деген сөз емес. Сұлулық салондарындағы сусабындардың барлығы да пайдалы деп ойламаңыз. Шашыңызға лайық сусабынды бағасына емес, құрамына қарап таңдаңыз.
8. Әдеттегі сусабынмен жуынатындай мүмкіндігіңіз болмаса, құрғақ түрін пайдаланыңыз. Оны жатар алдында басыңызға жағып қойыңыз. Осылайша, таңертең шашыңыз ерекше көлемге ие болады.
9. Халық косметикасын да ұмытпаңыз. Кейде дүкендегі сусабынға қарағанда, қолдан жасалғаны жақсы көмектесіп жатады. Солардың бірін ұсынамыз: 1 қасық ас содасы мен 1 ас қасық сірке суын 1 стақан судың үстіне салып араластырыңыз. Артынша сусабынның орнына пайдаланыңыз. Бұл сусабын жағымсыз иістен арылтып, шашты жандандыра түседі.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: liveinternet.ru