Көктем-жаз 2014 маусымында қандай шаш үлгілері сәнде болады? Бұл сұрақ көптеген сәнқой аруларға қызықты болар. Аса сәнқой болмасаңыз да, әлемдік трендтен хабардар болып жүру де артық етпейді, бәлкім арасынан стиліңізге жақын шаш үлгісін өз тәжірибеңізде байқап көрерсіз?
Рок-толқын
Бұл көктемде après-surf стиліндегі бұрымдар рок-н-роллдық толқынға орын босатып берді. Көктем-жаз маусымы шаш үлгілерінің қандай ерекшелігі бар? Бірінші – ылғал және текстуралы, екінші – тегіс және ұйпа-тұйпа үлгілер. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін шашты сусабынмен емес, тек кондиционермен жуып көріңіз. Бұл шашты жарқыратпай, қажетті нәтиже береді. Мұны Versace, Emanuel Ungaro, Balmain, Alexander Wang және Mulberry көрсетілімдерінен байқауға болады.
Теп-тегіс, жұмыр келер айналасы...
Max Mara, Balenciaga, Chloé, Donna Karan, Ralph Lauren және Miu Miu сәнбикелерінің түзу және жібектей тегіс шашына назар аударыңыз. Мұнда түбірінен көтеру құралдарына тимей, үтікпен ғана жұмыс істеген сияқты. Егер бейберекет жиналған шаш үлгілері шаштың кемшіліктерін (жұқалығы, көмескілігі, ұштануы) жасыратын болса, онда ұзын түзу шаш тек денсаулықтан жарқырап тұруы тиіс.
Ариэль-стайл
Диснейлік су перісі Ариэльдің шаш үлгісіне ұқсайтын бетті көмкеріп тұратын ірі және жұмсақ толқындар көктем-жаз 2014 шаш сәнінің көшін бастап тұр. Нәтиже барынша табиғи көріну үшін, ал бұрымдар қатты бұйраланып кетпеу үшін стайлингті және шаш бұйралайтын қысқаштарды асыра пайдаланудың қажеті жоқ немесе шашыңызды жатарда сәндеп алыңыз да, таңертең тарай салыңыз. Сонда нәтиже тура Christopher Kane, Diane von Furstenberg пен Calvin Klein Collection үлгілеріне ұқсайтын болады.
Бәрі араласып кетті...
Үстіңгі жағы аздап дымқыл, жылтыр (бірақ майлы жылтырсыз), ал ортасынан бастап ұшына дейін ұшып тұратын шашты біз Kenzo, Gucci, John Galliano, House of Holland, Marni, Rag & Bone мен Julien Mcdonald көрсетілімдерінде байқадық. Шашты артқа қарай тарап, ортасынан бөліп, буып қойыңыз немесе жіберіп қойсаңыз да болады. Қалай болғанда да текстураларды араластыруға негізделген бейне өте сәнді көрінеді.
Самал жел самайыңнан өпкен кезде...
Көктем-жаз 2014-тің тағы бір сәнді шаш үлгісі және бастағы бейберекеттің тағы бір үлгісі (бірақ бұл жолы романтикалық сарында) – бос түйін. Шашыңызды орап, төбеңізге түйіп қойыңыз, ал шығып тұрған тұтам шашты қалай бар, солай қалдырыңыз. Қатты желден ұйпа-тұйпасы шыққан шаш үлгілерін 3.1 Phillip Lim, Peter Som, Tom Ford, Nicole Miller, Rochas, Giambattista Valli сән үйлері ұсынды.
Өтірік өрім
Әр маусым сайын шаштаразшылар шаш өрудің түрлі нұсқаларын ұсынады немесе бар үлгілерді түрлендіреді. Бұл жолы өтірік өріле салған шаш үлгісі сәнге кірді. Бұл әсіресе перфекционизмнен алыс, жүгіріп жүріп шаш сәндейтін аруларға өте ыңғайлы. Үрпиген шаштың шетінде хиппи стиліндегі жіңішке бұрымды Karen Walker-ден, басты айнала шеңбер ретінде өрілген шашты Rebecca Minkoff пен Nicole Miller-ден, ал шаш өріліп, алысқаннан кейін ұйпа-тұйпасы шыққандай бейнені Giles-тен байқадық.
Буылған құйрық
Желкенің түбінен буылған шаш немесе ұзындығы сай келсе – иықтан төмен түсіп тұратын құйрық шаш барлық подиумда көрсетілді. Жаңа нұсқаларды жасап көріңіз: былғары аксессуарлармен (Helmut Lang), орамалдың астына жиналған (Haider Ackermann) немесе қосымша бұрым (Missomi). Әлбетте, мұнда да «жуылмаған» және «таралмаған» үлгілерді айналып өтпеді: текстуралық бұрымдарды Derek Lam мен Edun көрсетті. Оларға кереғар жинақы жиналған Jason Wu, Valentino, DKNY және Altuzarra шаш үлгілері байсалды және сәнді көрінді.
Шашақ парик
Париктер – жаңа қалпақтар! Және анау-мынау емес, кедір-бұдыр, қысқа қиылған. Мысалы, «паж» немесе «пейджбой» (Marc Jacobs және Chanel) стиліндегі шаш үлгілері. Ең бастысы парик барлық артықшылықтары және кемшіліктерімен шынайы көрінгені абзал. Кедір-бұдыр қиылған шаштың бір ерекшелігі адам бет келбетін жұмсартып, беттің сопағын түзейді.
Жаңа сән – фоб
Таныс болыңыздар, бұл фоб (ағыл. false — өтірік және bob — каре). Мұндай шаш үлгісін жасау үшін шаштараз болу қажет емес. Жай ғана шашыңыздың орта бөлігін плащтың ішіне немесе шарфтың астына жасырып қойыңыз. Burberry Prorsum мен Mark by Mark Jacobs көрсетілімдерінде сәнбикелер дәл осылай шыққан болатын. Өте оңай және сәнді!
Биязы гүл шоғы
Бұл маусымның басты принті – гүлдер киімдерден шығып, шашқа жайғасты. Егер сіз раушан, түймедақ немесе тұңғиықтары бар шеңберлерді сатып алмаған болсаңыз, қазір – нағыз уақыты. Олар төмен буылған шашты, өрімді және тарқатылған шашты сәндейді, сонымен қатар бейберекет жиналған шашқа көрік береді. Dolce & Gabbana, Honor, Oscar de la Renta, Zac Posen үлгілеріне назар аударуды ұсынамыз.
Қанаттылар
Егер сіз шаш үлгіңізді немен сәндеуді білмей жүрген болсаңыз, ал гүлдер тым романтикалық болып көрінсе, онда құстың қанаттарын пайдаланыңыз. Prada, Louis Vuitton, Marchesa және Junya Watanabe индеецтердің бас киімдерін қайта жасақтап, қалалық бейнеге үйлестірмекші.
Байлауда...
Балериналардың сүйікті классикалық қара таңғышы жаңа маусымда жаңа лепке ие болды. Rodarte, Vera Wang, Victoria Beckham оларды төбеге түйілген шашпен немесе тарқатылған шашпен емес, төмен буылған шаш үлгісімен тағуды ұсынады.
Сурет: elle.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина
Оқи отырыңыз:
2014. Сәнді әшекей бұйымдар
2014. Мango топтамасы
2014. Жазғы сән: "Бір түсті көйлектер"
2014. Шаш өру сәнге айналды
2014. Мектеп бітіру кешіне шаш үлгісін таңдадыңыз ба?