Шалимар әтірі – махаббат бағының жұпары

Шалимар әтірі – махаббат бағының жұпары
Фото: www.fragrantica.ru

 «Неге ол сол күні әтір артық септі,
Мен неге ақ жейдемді киіп бардым?»
Мирас Асан

«Әтір иісі – естеліктердің ең қанық түрі»
Жан Поль Герлен

Жұпар…
Әр иіс – нота, ал парфюмер болса  еліткіш «жұпар симфониясын» жазатын виртуоз скрипкашы.

Guerlain парфюмериялық үйінің аңызына айналған Shalimar (Шалимар) жұпары 1925 жылы Парижде өткен Халықаралық қолөнер көрмесінде жұртшылыққа ұсынылған болатын. Сол шарада Shalimar тек әтір ретінде ғана емес, сондай-ақ, құтысының көркемдігі үшін де үздік деп танылған еді.

XX ғасырдың алғашқы жартысында басталған Шығысқа деген құмарлық көптеген айрықша өнер туындысының дүниеге келуіне себеп болды. Соның ішінде, шығыстық сарындағы ғажап жұпар түрлері Еуропаны дала жусанының иісіне бөледі. Осы мақамдағы хош иісті әтірлер қанық бояуымен, тұңғиық тереңдігімен, қос жанары құпияға толы шығыстық арулардай таңсық әрі еліткіш жұпарымен ерекшеленетін. Біз әңгімелеп отырған Shalimar солардың алғашқысы еді.

Шалимар – махаббат бағы

Парфюмер Жак Герлен пәк махаббат хикаясын естіп, шын сезімнің құдіретіне таңқалады. Ол үнді императоры Шах Жахан мен оның өмірлік жары Мұмтаз Махал туралы махаббат дастаны болатын.

Қос ғашық қосылғанда Шах Жахан бала дүниеге келген соң сезімінің белгісі ретінде сүйгеніне сарай салдырып, бақ орнатамын деген серт береді. Алайда, Мұмтаз Махал ұлы дүниеге келген соң көз жұмады. Билеушінің қайғысына шек болмады. Оны жұбатуға ешкімнің құдіреті жетпеді.

Араға жыл салып, сәл есін жиған соң Шах Жахан сүйгеніне берген антын орындауға кіріседі. Сарай оның ғашығындай әдемі, оның қайғысындай алапат, оның сезіміндей биік болуы тиіс еді. Осылайша, әлемдегі ең керемет сарай  — Тәж-Махал пайда болды. Ал, оның айналасындағы көркем бақ Шалимар («Махаббат бағы») атанып кетті. Герлен өз әтірінде сол шығыстық махаббат бағының айрықша атмосферасын жаңғыртқысы келді.

Құтыдағы арманның құрамы

Guerlain Shalimar лимон, бергамот, тонк түйірлері, ваниль, ирис, ладан, жасмин, раушан мен опопонакс ноталары арқылы үнді бақтарының естен тандырар иісіне баурайды. Алғашқы цитрустық ноталарды түрлі гүлдердің аңқыған иісі мен аздаған ваниль тамшылары алмастырады.

«The New Book of Perfumes» кітабының авторы, парфюмерия сыншысы Джон Оукс «Егер сіз талғампаз һәм дауасыз романтик болмасаңыз Shalimar әсерін ұғамын деп ойламаңыз» - деген баға берді.

«Shalimar талғам мен талғамсыздықтың шекарасындағы дүние, сондықтан абай болыңыз». Бұл Haute Parfumerie брендінің негізін қалаушы, сыншы Роже Дав аңыз әтір туралы пікірі.

Қызықты деректер

– Шалимар әтірі америкалық жазушы С. Э. Филлиппстің «Мінсіз бикеш» романында бірнеше рет аталады. Басты кейіпкердің анасы Белинда Савагар үнемі осы әтірді қолданатыны туралы айтылады.

Software жобасы 1990 жылы «Fragrance. Art of parfume» аталатын альбом жазады, сондағы композициялардың бірі Шалимар әтіріне арналған.

«Іскер бикеш» фильміндегі кадрлардың бірінде Сигурни Уивер есімді кейіпкер кездесу алдында «Шалимар… Ол Шалимарды ұнатады….» - деген сөздермен әтір сепкені көрсетіледі.

«Ештеңе көрмеймін, ештеңе естімеймін» аталатын фильмде Уолли есімді зағип кейіпкер кісі өлтіруші әйелге: «Кешіріңіз, бұл Шалимар ма? Сіз Шалимар қолданасыз ба»? – дейді. Әйел: «Иә, бұл Шалимар».

«Дауасыздар жағалауы» эссесінде Иосиф Бродский былай жазды: «Кейін менің Ариаднaм көзден таса болды. Бірақ, оның қымбат әтірінің (Шaлимар емес пе екен?) иісі нәжіс сасыған пансионда қалып қойды …». Кейін кейіпкердің прототипі синьора Дзулиана сұхбаттарының бірінде: «Иә, мен ол кезде Шалимарды ұнататынмын».

– Шалимар Катрин Панокльдің «Біз әлі билейміз» туындысында да аталады. Ол - Люсильдің сүйікті әтірі.

– Ван Моррисонның «Madame George» әнінде Шалимар аталатын жол бар: «And that smell of sweet perfume comes drifting through, The cool night air like Shalimar».

"Америкалық қорқынышты әңгімелер" (2011-...) телехикаясының 5 маусымында кейіпкердің бірі былай дейді: "Сен екеніңді Шалимар емес қан иісінен білдім..."

Джеймс Питердің "Сен секілді өлік" шығармасында да Шалимар әтірі аталады. Кейіпкердің анасы үнемі осы әтірді қолданатын.  "Оның мұрны иісті керемет ажырататын.Әсіресе, «Шалимар». Енді ше? Анасы үнемі «Шалимар» қолданатын"

А. Оралқызы