- Негізгі бет
- Сән
- Шалбарды дене пішінімізге...
Шалбарды дене пішінімізге сай таңдайық
1. Кең мықын немесе белдің көлемді болуы
Бұл тіктөртбұрышқа ұқсайтын сымбатқа қатысты айтылатын сөз. Егер қыпша белді болмасаңыз, белі жоғары тұратын шалбар, немесе қалың белдік тағуды ұсынамыз. Бұдан өзге қара белдікпен киюге болатын жарқын түсті шалбарлар көмекке келеді. Декоротивті сызық, сыдырма ілгек, қалта мен басқа қосымша детальдар да өз кезегінде белді айқындауға көмектеседі. Ал белі төмен орналасқан және денеге жабысып тұратын шалбарды таңдамауға кеңес береміз.
2. Бөксенің жалпақтығы
Ол үшін жасанды қалталарды пайдалануға болады. Бар болғаны бөксенің тұсына аппликация немесе өрнек тігу арқылы оны дөңгелек етіп көрсетуге болады.
3. Жамбастың үлкендігі
Бұл қиындық көп әйелде кездеседі. Оны белдің ортасынан бастап кең тұратын шалбардың көмегімен жасыруға болады. Ал балақ тұсы тар келетін шалбарды кию мүлдем қате. Орнына қыры бар, классикалық қара шалбар таңдаңыз. Мұнымен қатар, шалбардың екі шетінде тарбиып тұратын қалталарды алып тастауды ұсынамыз. Матасы да барынша қалың болғаны жөн.
4. Бой мен аяқтың қысқа болуы
Аяқты ұзын етіп көрсету үшін белі жоғары тұратын немесе белді қысып тұратын созылмалы жалпақ белбеуі бар шалбар таңдаған жөн. Ал шалбардың өзі ұзын болуы тиіс. Мұнымен қатар, шалбарыңыздың түсіне сәйкес биік өкшесі бар туфли киюіңізге болады. Қыры бар классикалық шалбар да өз кезегінде аяқты ұзын етіп көрсетуге ат салысады. Ал капри, бриджи, денеге жабысып тұратын, белі төмен орналасқан шалбар кимегеніңіз жөн.
5. Арық
Ал дене пішіні өте кішкене болып келетін қыздарға ши барқыт матадан тігілген шалбар киюді ұсынамыз. Өйткені бұл мата адамды толық етіп көрсетеді. Және тор көз суреті бар, жарқын түсті шалбарлардың да пайдасы бар. Ал денеге жабысып тұратындары, арықтығыңызды дәлелдей түседі. Мұнымен қатар, өте кең тұратын шалбарлардан да аулақ болған жөн. Ал беліне келер болсақ, ол өз орнында немесе төменірек болуы тиіс.
6. Жалпы толықтық
Толық адамдарға шалбар киюге болмайды деген ереже жоқ. Артық салмақты жасыруға қыры бар, классикалық шалбар көмектеседі. Есіңізде болсын, шалбардың сыртқы тігісі бойына салынатын түрлі жапсырма жолақ, сызық, тік сызық әрдайым артық салмақты жасырып тұрады. Ал белінің қай жерде болуы сіздің бойыңызға байланысты. Бойыңыз ұзын болса, белі өз орнында тұратын, ал қысқа болса классикалық немесе жоғары орналасқан шалбар таңдауды ұсынамыз. Тым кең немесе тар тұратын, галифе шалбардан аулақ болыңыз.
7. Пропорцияға сай келмейтін ұзын аяқ
Әрине, мұны кемшілік деп атауға болмайды. Аяғының ұзын болуын көп қыз армандайды. Шалбардың мақсаты – бұл артықшылығын әсірелеп жібермеу. Мұндай сымбаты бар қыздарға орташа ұзындықтағы шалбар жараспайды. Сызығы бар, белі жоғары тұратын шалбар да артық болады. Ал балағы қайырылып тұратын шалбарлар сымбатыңызға сұлулық қосады.
8. Тым көлемді кеуде
Бұл пішін төңкерілген үшбұрышқа қатты ұқсайды. Белінен төмен қарай тарылып, иығы мен кеуде тұсы үлкен келеді. Алайда бұл кемшілікті жанында қалтасы бар, жарқын түсті киімнің көмегімен жасыруға болады. Ал балақ тұсы тарылатын шалбар кемшілігіңізді тек айқындай түседі.
9. Іштің дөңгеленуі
Артық келі ішке жиналатындықтан, бұл да әйел қауымының дәстүрлі проблемасы. Ал егер ішіңізге жиналған артық салмақ қатты білінетін болса, белі төмен орналасқан шалбардан бас тартыңыз. Ішіңіз шалбардың белінде асылып тұрған сияқты көрінеді. Шалбардың белі классикалық немесе жоғары орналасуы тиіс. Мұнымен қатар белі қалың шалбар бұл кемшілікті жасырады. Дене пішініңізге қандай шалбардың тура келетінін білген соң, өмірдің кез келген сәтіне киімді лайықтап таңдай аласыз. Қуанышымызға орай, шалбардың кез келген түрін атақты бутиктер мен қарапайым базарлардан таба аламыз.
Ал сіз шалбарды қалай таңдайсыз?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: fashion.ru
Қ. Бүйенбай