Сәнді тенденциялар бір-бірінің орнын басып, көп ұзамай танымалдылығын жоғалтып жататын сән әлемінде орнында нық тұрған және одан әрі дамып жатқан да үлгілер бар. Мысалы: Louis Vuitton, Chanel, Dior және т.б сөмкелері. Олардың кейбіреулері жыл өткен сайын сирек данаға айналып, бағасы одан әрі көтерілуде.
Hermès Birkin Bag
1983 жылы Парижден Лондонға бағытталған сапарда сән үшін тағдыршешті кездесу болды: дарынды актриса әрі әнші Джейн Биркин мен Hermès сән үйінің басшысы Жан-Луи Дюм біржерге отырып қалады. Ұшақпен ұшу бір сағаттан аса уақытты алғанымен, екеуінің әңгімесі ұзаққа созылады. Әңгіме ортасында Джейн Hermès әмиянын қолынан түсіріп алады. Джейн Биркин әмиянынан түсіп қалған заттарын жинап отырып, Жан-Луи Дюмға былғары папкаға барлық қажетті құжаттарының сыймайтындығын айтып, арызданады. Дюм қыздың арманын, яғни мінсіз былғары сөмке жасап көруге тырысатындығын айтады. Джейн оны қалай елестетінін қарапайым тілмен түсіндірсе, Жан-Луи үлгісін сызады. Кейін олар шеберханада кездесіп, Джейн Биркин өзінің аты берілген арманындағы сөмкені көреді.
Birkin сөмкесі бірден танымалдылыққа ие болды. 2000 жылдардың басында Виктория Бекхэм үйінде бұл сөмкенің жүз данасы сақталып тұрғанын айтып жүретін. Әр сөмке париждік ательеде қолдан жасалып, үлкен еңбекті (шамамен, 18 сағат жұмыс) қажет етеді.
Қазір Birkin сөмкесінің бағасы 5 миллион теңгеден басталады, бірақ қолыңызда осыншама ақша болса да оны Hermès бутигіне барып, оңай сатып ала алмайсыз. Мұндай сөмкені алуға арнайы кезекке тұрып, кезекке байланысты 1,5 жылдан 6 жылға дейін күтуіңіз мүмкін.
Birkin сөмкесі неліктен өте қымбат тұрады? Себебі сөмке толықтай қолдан жасалады, оған өте жоғары сапалы материалдар және қымбат фурнитура (алтын, платина) қолданылады. Бұл аксессуар өте ұзақ қызмет етеді.
Жоғары сапалы аксессуарлар бойынша аукционның директоры Matt Rubinger бір сұхбатында былай дейді: "Олар мұндай тауарлар ұзақ сақталмайтындықтан сөмкелердің коллекциясын жинамады. Сөмке инвестиция бола алатынын ойламады. Өтіп жатқан аукциондарға қарап, нарықтың өзгергенін байқауға болады".
Яғни, сапалы сөмке инвестиция бола алады. Сондықтан қазір кей тапсырыс берушілер бұл аксессуарларды жинау арқылы жақсы қаражат табуда. Себебі бұл сөмкелердің бағасы жылдан-жылға өсіп жатыр.
Lady Dior
Dior-да да Lady Dior деген иесі белгілі экземпляр бар. Былғарыдан сырып тігілген квадрат сөмкенің авторы 1994 жылы Джанфранко Ферре болды. Ол кезде сөмке Chouchou (французша — «сүйікті, еркесі») деп аталды. Бір жылдан соң сөмкенің бірі Диана ханшайымның қолына тап болып, оның сүйікті сөмкесіне айналды.
Ол сән үйі үшін нағыз сыйлық болды: Чарльз ханзада әйелінің сәнге ерекше әсері жайлы бренд маркетологтары білетін еді. Сондықтан 1996 жылы сөмкенің Chouchou атауын Lady Dior-ға (сәйкесінше, Диана ханшайымның атына) ауыстырды.
Содан бері 20 жылдан аса уақыт өтті. Christian Dior сән үйінің креативті директоры бірнеше рет ауысты. Әр дизайнер өз нұсқаларын ұсынғанымен сөмкенің атақтылығы мен беделі сол баяғыша алдыңғы қатарда келе жатыр.
Атақты Dior сөмкесінің жарнамасына түрлі әлемдік жұлдыздар, соның ішінде Карла Бруни-Саркози, Диана Крюгер, Моника Беллуччи және т.б қатысқан болатын. Қазір оны француз актрисасы Марион Котийяр таныстырып жүр.
Lady Dior – әлі күнге дейін ең атақты сөмкелердің бірі болып қала береді. Оның әр үлгісі (салпыншақ пен әріпке дейін) шеберлердің қолынан жасалады.
Gucci Jackie Bag
Өткен жүзжылдықтың тағы бір стиль иконасы Жаклин Кеннедидің де сүйікті сөмкесі болды. 35-жасар Жаклинге Gucci-дің Constance сарғыш хобо-сөмкесі ұнап қалады. 1961 жылы сөмке өзінің атақты иесінің қысқартылған атын (Jackie bag) алады.
Жаклин оны ыңғайлығы мен көлемі үшін қатты бағалайтын. Жаклин Кеннедидің осы сөмкемен түскен суреттері батыс газеттерінің беттерінен жиі көрінгендіктен итальяндық марканың сатылымы өсе бастайды. Қазірдің өзінде классикалық Jackie хобо сөмкесі кең танымалдылыққа ие.
Марка өз туындысына әлі күнге дейін ұқыптылықпен қарап, оны түрлі әдіспен таратуда. 2009 жылы Gucci сән үйінің креативті директоры Фрида Джаннини 1947 жылғы сөмке үлгісін дамытып, New Jackie деп аталатын сөмкелер топтамасын ұсынды. Жаңа үлгі дөңгеленген пішінін және жалпақ бауын сақтады және бұрынғыдан да ыңғайлы етіп жасалды. Атақты аксессуардың жаңа түрімен актриса Сальма Хайек жиі көрінеді. Бұл сөмкені ұнатушылардың арасына Кайли Миноуг, Джессика Альба, Рианна және т.б жатады.
Жалғасы бар...