Жылдың суық маусымында жаз мезгіліндегідей күнделікті белдемше, джинсы, жейде, көйлек ауыстыра алмайсың. Есесіне қыста гардеробтағы бірнеше сәнді жылы жемпір бейнеңізді сәндей алады.
Жалпы қыстық киіміміз азырақ болады. Сондықтан қысқы гардероб таңдағанда ерекше мұқият болып, сәнді трендтерге сай жылы киімдер алайық. Бүгін қыста әр аруға қажет сәнді жемпірлер қарастырайық.
Қыстық гардеробтың басты бұйымы – жемпірлер арасында осы маусымда бірнеше тренд орын алды. Солардың бастыларымен таныс болыңыздар.
Ерекше жеңді жемпірлер
Жеңдері ерекшеленетін, басқа түсте орындалған, басқа матадан тігілген жемпірлер үлкен танымалдыққа ие болып жатыр. Кереғар түстердің, жұқа мен қалың маталардың үйлесімі өте сәнді көрінеді. Әсіресе жеңі былғарыдан тігілген жемпірлер ерекше тренд саналады.
Принтті жемпірлер
Ерекше суреті бар жемпір сізді көпшіліктің арасынан ерекшелеп, талғамыңыздың жоғары деңгейін көрсетеді. Келесіде бір түсті жемпір не үйреншікті гүлді, оюлы жемпір алғанда ойланып, осындай үлкен, ассиметриялы принті бар түрін байқап көріңіз.
Жұмсақ жемпірлер
Жұмсақ тоқылған немесе сырты мамық жемпірлер суық күндері жылытып, жайлылық, жылулық сезімін береді. Оған қоса бұл жемпірлер сәнде екенін есепке алсақ, жұмсақ жемпірдің бір түрі сізде міндетті түрде болуға тиіс.
Свитшоттар
Соңғы кезде сәнді болған свитшоттар (sweatshirt) футболка мен жемпірдің қосындысына ұқсайды. Бос пішілетін бұл жемпір күнделікті киюге өте ыңғайлы, ал сән үй топтамалырында шыққан свитшоттар әр сәнқой арудың сән талғамына сай келеді.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: aizel.ru