Сәнді болсын, қалқам, мойныңдағы алқаң

Сәнді болсын, қалқам, мойныңдағы алқаң

Біз бұрындары сәнді тастан және басқа асыл бұйымдардан жасалған әшекейлерді тек салтанатты кеш көйлектерімен ғана тағып шығатын едік. Ал қазір оны футболкамен, джинсы күртешемен, жейделермен, тіпті свитермен кие берсек те түк етпейтін болды. Мұндай сәнмен күлкілі көрінем деп қысылмай-ақ қойыңыз. Өйткені соңғы сән – осы. Осылайша киімдермен әшекейлеріңізді үйлестірсеңіз, келбетіңіз өзінше келісіп қалмақ. 

Үлкен салмақтағы шынжырлар тек американдық рэп орындаушыларының ғана иеленіп алған алқасы емес. Бүгіндері мұндай шынжырлы әшекейлерді ашық мойынға тағып жүру сәнге айналып отыр. Бұл үшін алқаның аса қымбат металдан жасалған-жасалмағанының ешқандай да маңызы жоқ. 

Тастан жасалған әшекей алқалар да сәннің көшінен қалып қоймақ емес. Бұл да шыншырлы алқалар сиықты аса көп қаражатты жақтырмайды. Тастың тым бағалы не қымбат болғаны жақсы, әрине. Әйткенмен қалтаңыз көтермей жатса, ол үшін тыраштанудың дым да қажеті жоқ. Бастысы - сәнді болса, болғаны. Оның құны емес, сәні маңызды болғандықтан, біз сіздерге мынадай сәнді әшекейлер топтамасын ұсынамыз.

 


Мойныңыздағы әшекейлерді киіміңіздің кез келген түсімен сәйкестендірсеңіз болады. Алқаның түсі мен киімнің бір шетіндегі түс болсын, үйлесіп тұрғаны жөн. Сонда ғана сіздің көркіңіз ашылады. Қолыңызға не құлағыңызға таққан әшекейлердің түстерінің бірдей болуы аса маңызды емес. Әшекейдің аяқ киіммен үйлескен түрі өте сәнді көрінеді. Немесе аяқ киімнің тасымен не басқа да сәнді бұйымымен әшекейдің түсі не тасы сәйкескені дұрыс. Әйткенмен салмағы өте ауыр әшекейлерді мойныңызға салып ап, ыңғайсыз жағдайларға тап болып жүрмегейсіз. Немесе базарларда жайылып тұрған тым арзан дүниелерден де аулақ болыңыз. Сатып аларда теріңізге зиян келтірмейтінін таңдаңыз. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: lookofyoung987.blogspot.com, zvezdastok.ru 

А. Әбілхан