Сән үйлерінің круиз көрсетілімдері қайда өтеді

Сән үйлерінің круиз көрсетілімдері қайда өтеді
Фото: vk.com

Louis Vuitton

Николя Жескьер жаңа топтамасын Франциядан тыс жерде көрсеткен кезде сол мекеннің өзіндік ерекшелігінен шабыт алатынын айтады. Бұрын соңды оның круиз көрсетілімдері Монако, Палм-Спрингс пен Рио-де-Жанейро қалаларына арналған болатын. Louis Vuitton сән үйінің келесі круиз көрсетілімі Жапонияда өтеді деп жоспарланып отыр.

Жаңа топтама жұртшылық назарына мамыр айының 14-ші жұлдызында ұсынылады. Ал, өтетін жерінің Жапония болуы кездейсоқ шешім емес, өйткені, 1978 жылы Louis Vuitton компаниясының алғашқы флагмандық дүкені Токио қаласында ашылған. Кейін аталмыш сән үйі Рей Кавакубо, Яёй Кусама мен Такаси Мураками сынды танымал жапон суретшілері-дизайнерлерімен бірлесе жұмыс істеді.  


Chanel

Chanel сән үйінің қазіргі басшысы Карл Лагерфельд сияқты түрлі ел мәдениетінен шабыт алудың шыңына жеткен жан жоқ шығар... Оның Métiers d'Art топтамалары — нағыз ертегі. Олар Венеция, Дубай, Версаль, Сингапур, Зальцбург, Даллас,Сеул және Рим сынды мәдени орталықтарға арналған әрі солардан алынған шабыт нәтижесі. Осы жолы жаңа топтама аталмыш сән үйінің туған жері саналатын Париж қаласында өтеді.

Бұл, бір жағынан, сән үйінің топтамалар көрсететін жаңа локацияғ яғни, арнайы орнының болуымен байланысты. Ол — баршаға танымал Ritz қонақүйі. Екінші жағынан, Карл осы шешімі арқылы сән астанысна өз қолдауын көрсетпек. Себебі, 2016 жылы орын алған терактке байланысты қалаға келуші туристер саны едәуір азайып кетті.

Көрсетілім 3 мамыр күні болады. Болатын орны әзірге белгісіз.


Dior

Dior компаниясының жаңа креативті директоры Мария Грация өзінің алғашқы круиз көрсетілімін өткізу үшін Лос-Анджелес қаласын таңдады. Шоу мамыр айының 11-ші жұлдызында болады.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш сән үйінің директоры ретінде алғашқы көрсетілімін Кьюри өткен жылдың қыркүйек айында ұсынған болатын, ал, сән апталығы шеңберіндегі көрсетілімі қаңтар айында Париж қаласында орын алмақ. 


А. Оралқызы