Майра Каллера Еуропалық Дизайн институтын тәмамдап, L'Uomo Vogue-де тәжірибе жинақтап, жарты жыл «Max Mara» брендінде жұмыс істеген соң өзінің жеке топтамасын шығаруды ұйғарады. Назарларыңызға дизайнер Майра ұсынған стильге қатысты кеңестерді ұсынамыз.
«Киім – тек қана қажеттілік емес, ол қоғамға жан дүниемізді көрсету. Мұнымен қатар, дұрыс таңдалған киім мақсатымызға жетуге көмектесе алады.
Мен Fashion саласында жүрген дизайнер ретінде 10 ереже қалыптастырдым. Оны сіздерге де ұсынамын:
1. Образ жасауда ең бастысы – аяқ киімді дұрыс таңдау. Ол алыстан көзге түсетіндей сапалы, қымбат болуы керек. Мысалы, сіз қызыл туфли сатып алсаңыз, міндетті түрде оған түстес сөмке немесе белдік сатып алудың қажеті жоқ. Аяқ киім үстіміздегі киіммен үйлеспесе де болады. «Біздің қандай стильді, жарқын түсті екенімізді көріңіздер. Тек менің иегерім секілді нәзік талғамы бар ханшайым ғана бізді киюге лайық» деп айтып тұрғандай болуы тиіс.
2. Бір образда 3 түстен артық болмауы тиіс. Бұл жағымсыз көрінуден сақтайды.
3. Жалпы лукты міндетті түрде сәнді аксессуарлармен толықтыру керек. Күнделікті өмірде қарапайым әшекейлерді таңдаймын. Менің тізімімде басты орынды жігіттер сағаты алады. Ол нәзік қыздардың қолында ерекше көрінеді.
4. Уақыт өткен сайын классика да өзгереді. 20 жыл бұрын сәнге лайық емес деп танылған дүние дәл қазір нағыз трендке айналуы мүмкін. Менің ойымша, классикалық кішкене қара көйлек сәннен шығып бара жатыр. Оның орнына қыз баласының нәзіктігін айшықтайтын қарындаш белдемше қайтып келуде. Ол әрбір сәнқой қыздың гардеробында болуы керек.
5. Қалаған образымызды бірден табуға көмектесетін кішкене құпия. Мен жейделерді, белдемшелерді, көйлектерді бөлек-бөлек қоямын. Сосын олардың суретін телефоныма саламын. Осылайша гардеробымда қандай киім барын немесе жоғын тәуліктің кез келген уақытында қарай аламын. Бұл уақытты үнемдейді.
6. Қарапайым жейде мен джинсы шалбар да өте стильді болуы мүмкін. Мысалы, мен жейде кисем, тек оның бір етегін ғана джинсыдың ішіне саламын.
7. Моветон қысқа көйлекті биік өкшелі аяқ киіммен киеді. Мұндай үйлесім өзіне барынша сенімді, табысты бойжеткендерге жараспайды. Тек жеңілтек қыздар ғана осылай киінеді.
8. Егер қысқа көйлек пен биік өкшелі аяқ киім киген болсаңыз, кеудеңіз ашылмайтындай болуы керек. Кеуде тұсы ашық көйлек кисеңіз, етегі міндетті түрде ұзын болсын.
9. Көпшіліктің алдында эксперимент жасауға болмайды. Егер сізді мерекелік кешке шақырса, әдеттегі талғамыңызға сай киініңіз. Мысалы, белді айқындайтын көйлек киіп үйренген болсаңыз, күлкілі жағдайға қалмай, 100% әдемі болып көріну үшін дәл сондайын киіңіз.
10. Ең бастысы – өзіңізді жақсы көріңіз, күтініңіз, эксперимент жасаудан қорықпаңыз. Сіз киімді киіп көрмейінше, оның жарасып, жараспайтындығын біле алмайсыз».
Дереккөзі: season.kz
Сурет: yvision.kz