Сән сөздігі: Жазғы аяқ киімдер

Кей жағдайда интернет дүкендерден өзіміз қалаған аяқ киім түрін іздеу кезінде оның қалай аталатынын білмей жатамыз. Бүгінгі материалда әйел адамдарға арналған аяқ киімдердің сән сөздігін ұсынамыз. Бұл жерден жазғы танымал 9 аяқ киімнің атауы мен анықтамасын оқи аласыздар.

Слипер

Слипер — өкшесі ашық тәпішке. Мұндай аяқ киімдер өте ыңғайлы. Табаны жайпақ әрі жұмсақ. Оны таңдау кезінде үй тәпішкесіне ұқсап кетпес үшін былғары, күдері, шілтер немесе принтті түрлерін алыңыз.

Биркеншток (Birkenstock)

Өкшесі ашық бұл сандалдар ортопедиялық аяқ киім секілді көрінеді. Ол бірнеше жылдан бері жазда кең таралған аяқ киімдер қатарынан орын алып келеді. Бұл аяқ киімнің атауы оны өндіруші Конрадо Биркенштоктың тегіне берілген. Биркеншток — әмбебап аяқ киім, оны қаланың ішіне де, су жағасына да киюге болады. Мұндай аяқ киімдер миди көйлектермен және жіңішке шалбарлармен жақсы үйлесім табады.

Стилет туфлиі

Бұл аяқ киім түрі 100% классикаға жатады. Егер сіздің гардеробыңызда биік өкшелі аяқ киімге орын болып, сіз оның ыңғайлы және іскерлік болуын қаласаңыз, стилет туфлиін таңдаңыз. Ол сәнді көрінеді. Сонымен қатар, аздап сүйір ұшымен және орташа биіктіктегі жіңішке өкшесімен ерекшеленеді.

Мюли

Мюли аяқ киімдерінің биік өкшелі (сабо) және жайпақ табанды (слипер секілді) түрлері болады. Оның өкшесі міндетті түрде ашық болады.

Оксфорд

Оксфорд — кеңсеге де, кештерге де киюге болатын бауы бар классикалық бәтеңке. Әйел адамдардың бұл аяқ киім түрі ер адамдардан келген. Жазда нәзік түсті, былғары және күдері түрлерін таңдаңыз.

Броги

Броги — тесіктері бар кез келген бәтеңке. Жаз мезгілінде брогидің екі түсті араластырып жасаған түрлері  сәнде болады. Сонымен қатар, оның алтын және күміс түсті түрлері де кең таралған.

Эспадрильи

Испан шаруалырының бұл тәпішкелері сән әлемінен жоғары орын алып отыр. Себебі, эспадрильи аяқ киімдері өте ыңғайлы. Бұл аяқ киім түрімен ыстық ауа-райында да өзіңізді жайлы сезінесіз. Классикалық үлгілері жайпақ жіпті табанға табиғи матамен тігіліп жасалады. Қазіргі кезде кез келген жіппен тігілген және түрлі платформадағы түрлері кездеседі.

Лоферлер

Лоферлер мокасин аяқ киімдеріне ұқсайды, бірақ жоғарғы жағының дизайны салмақты болуымен және жайпақтау өкшесімен сәнді көрінеді. Олар баусыз және түймесіз жасалады. Оның лакталған былғарыдан жасалған түрлері кеңінен таралған.

Топ-сайдер

Топ сайдерлер бастапқыда қайық спортына арналып шығарылды. Топ-сайдердің негізгі ерекшеліктері — ақ түсті жайпақ табан және екі жанындағы былғары бау. Бұл аяқ киім түрлерін спорттық киімдермен үйлестіруге болады. Жаз мезгіліне оның ашық түсті түрлерін таңдаған жөн.