Біз мәдениетін өсіріп, талғамын дұрыс қалыптастырғысы келген бойжеткендерге «Сән әліппесі» айдарынан түрлі кеңестер ұсынып келеміз. Бүгін осы дәстүрді жалғастырып, киінудегі кейбір түйткілді мәселелер туралы сөз етпекпіз.
Сәнді киіну, сән әлемі дегенде көз алдыңызға Франция, Париж елестері сөзсіз. Иә, шынында да сәнге, киімге байланысты терминологияның көбісі француз тілімен байланысты. Сән терминдерінің бірі «моветон» сөзі де француздың «mauvais ton» сөзінен шыққан. Ол «Нашар талғам» деген түсінікті береді.
Көшеге шықсаңыз, киінудегі моветонға мысалдар толып жатыр. Әсіресе күн жылынғаннан бері қалай болса солай киініп, «соңғы сәнді паш етіп» жүрген жандар көп-ақ. Мысалы, толықша келген аруларымыз екі-үш өлшемге кіші трикотаж киімді денесін жабыстырып киюге әуес. Немесе керісінше, оверсайз стилімен киінгеннің жөні осы екен деп екі-үш өлшемге үлкен көйлекті де киіп алады. Қандай стиль трендте болмасын, оларға қойылатын талап бар.
Тор колготкамен жұмысқа келетіндер де кездеседі. Жалпы колготка кию тақырыбына бір мақаланы тұтас арнауға болады. Себебі колготкамен босоножка, гладиатор, тұмсығы ашық туфли киюді жарасымды, тіпті оны мәдениеттілік деп санайтындар жеткілікті.
Шифон сияқты ішінен бәрі көрініп тұратын материалдан тігілген не қабылан, жылан, зебра принтіндегі киімдерді сатып алмаған абзал. Өйткені «бояушы, бояушы дегенге сақалын бояйды» дегеннің керін келтіріп, мұндай киімді екінің бірі үйлестіріп кие алмайды.
Тағы бір жиі кездесетін көрініс: лосинді тырыстырып кисек, Голливуд жұлдыздарымен теңесеміз деп ойлау. Жасына лайық киінбеу де соңғы кезде дәстүрге айналды.
Қате қағидаттың бірі - ақшыл көйлектің ішінен қара іш киім кию.
Әрине қазіргі сән әлеміндегі жаңалықтардан адамның басы айналады. Оны күнделікті өмірде қолдану кейбіреулерге қиындық туғызады. Дегенмен жоғары талғамды қалыптастыруға ақпарат көздері жеткілікті заманда адамның өзін-өзі күлкілі жағдайға итермелеуі, яғни моветонын көрсетуі таңғаларлық жайт.
Сәттілік тілейміз!
Сурет: blogspot.com
Ұқсас жазбалар:
Сән әліппесі: Гардеробыңызда қандай киім болу керек?
Сән әліппесі: Этникалық стиль
Сән әліппесі: Преппи немесе мектеп формасын сәнге айналдыру
Заманауи бойжеткеннің гардеробында болуы тиіс киімдер