Byronesque аталатын винтажды онлайн-дүкен танымал сән үйдің сирек ескі бұйымдарының сәнсүйер қауымға қолжетімді болғанын хабарлайды. Бұл сатылым Париждегі Le Beverley Cinema кинотеатры залында өткізілмек. Аталған орынның таңдалуы да кездейсоқ жағдай емес. Өйткені, Byronesque дүкенінің ұжымы оны тәуелсіз мәдениеттің соңғы символдарының бірі санайды.
Онда Maison Margiela сән үйінің Flat, Oversized, Artisanal, Trompe L’Oeil, Semi-Couture аталатын ең ескі топтамаларының қатарында болған киімдер ұсынылады.
Сән әлеміндегі аты атала бермейтін Мартин Маржела туралы қосымша ақпарат бергенді жөн көрдік. Таным көкжиегіңізді кеңейте жүріңіз, оқырман!
Мартин Маржела – сән әлемінің ең жұмбақ дизайнері. Ол сән апталығында топтамасын жариялағаннан кейін басқа дизайнерлер секілді көпшілік алдына шығып бейнесін көрсетпеген. Фотографтар және журналистермен кездеспейді. Барлық сұраққа пресс-офис жауап береді. Оны өз отбасы мүшелері мен әріптестері ғана таниды.
Ол осы қылығы арқылы сән сүйер қауымға Maison Martin Margiela топтамаларын дизайнер көзқарасы арқылы емес, өзіндік түйсікпен ұғынуды үйретпек. Оның болашақты болжау және қарқынды даму қабілетіне көз ілеспейді. Сәнгер бірнеше жыл бұрын өзі құрған брендті тастап кеткен. Бұл қылығы fashion-өндірісті таңғалдырмай қоймады. Оның жеке өмірі мен шығармашылығы бұрынғыдан бетер қызықты бола түсіп, құпия сандықтай көпшілікті өзіне тартумен болды.
Айтқандай, осы көктем мезгілінде Маржеланың өнеріне табынушылар мен құпияға құмартушылар үшін үлкен шара ұйымдастырылғалы отыр. Наурыз айында Palais Galliera аталатын сән мұражайында Мартин Маржела шығармашылығының барлық кезеңін қамтитын ауқымды ретроспектива (өткенге шолу) ашылмақ.
WWD хабарлауынша, көрме Palais Galliera мұражайының директоры Оливье Сайяр мырзаның басшылығымен өтеді. Ұйымдастырушылар әлі күнге көрменің қалай өтетіні туралы ақпарат бермеді. Аталған шараға дизайнердің өзі қатыса ма, не әдеті салып көлеңкеде қалғанды жөн көре ме? Оны уақыт көрсетеді. Мартин Маржела шығармашылығына арналған көрме Париж сән мұражайы ұжымы биылға жоспарлап отырған жалғыз шара емес. Наурызда, сондай-ақ, Антверпен қаласында Margiela экспозициясы ашылады: The Hermès Years. Онда дизайнердің 1997-2003 жылдар аралығында жасалған 12 топтамасы көрсетіледі.