Сән-2021: Күзде және қыста трендте болатын 5 аксессуар

Стильді киім үлгісі ұсақ-түйектерден құралады. Аксессуарлар, әсіресе, суық мерзімде маңызды рөл атқарады: олар киім үлгісіне ерекшелік сыйлайды және суықтан қорғайды. Осы мерзімде алуға тұрарлық 5 стильді әрі ыңғайлы аксессуарды ұсынамыз.

Орамал мен фуражка

Басқа орамал орап, сыртынан фуражка киюге немесе керісінше, фуражка киіп, оның сыртынан орамал тағып алуға болады. Бұл идеяны 2018 жылы Vetements деп аталатын бренд өзінің күз-қыс топтамасында ұсынған болатын. Бұл ыңғайлы тренд адамдар арасында бірден құпталды. Қазір бұл идеяны қолданушылар саны көбейді. Оның басты себебі — әдемілігімен қатар, ыңғайлы әрі жылы болуында. Кепкенің күнқағары сізді ылғал қардан қорғаса, ал орамал суық желден құтқарады. Versace пен Fendi брендтерінің біріге ұсынған күз-қыс 2021-2022 топтамасынан және Одри Хепберн үлгілерінен шабыт алуға болады.

Жылы жаға (манишка)

Мұндай жылы жағаны жылы шарфтың орнына қолдануға болады. Бұл мерзімде дүкендерден оның тек тоқыма түрлерін емес, сондай-ақ күрткенің жоғарғы бөлігіне ұқсайтын үрілген, капюшоны немесе сыдырма ілгегі бар түрлерін кездестіруге болады.

 Көлемді шарфтар

Әр түрлі түстегі көлемді тоқыма шарфтар сәннен кетпейді. Оның ұзын түрлеріне мән беріңіз. Біртүсті сыртқы киіміңізбен осындай шарф тақсаңыз, ол киім үлгіңізді бірден ерекшелеп тұрады. Сондай-ақ осы мерзімде мұндай шарфтардың «жылан» және тор принті бар түрлері де сәнде болады.

Берет

Биыл береттер қайтадан сәнге оралды. Оның классикалық немесе күнқағары бар түрін таңдауға болады. Берет — әйел адамдардың нәзіктігін айқындай түсетін аксессуар. Дизайнерлер мұндай бас киімнің торлы, анималистік принті бар және былғарыдан тігілген немесе тоқылған түрлерін ұсынып отыр. Идеяларды Max Mara сән үйінің күз-қыс 2021-2022 топтамасынан қарауға болады.

 Эко-жүннен жасалған сөмкелер

Көпшілік бренд өз көрсетілімдерінен түрлі түстегі және әртүрлі пішіндегі эко-жүннен жасалған сөмкелерді ұсынды. Жасанды материал табиғиға қарағанда табиғатты сақтауға көмектеседі және төзімді болып келеді.