Сағатыңыз қанша болды?

Бүгінгі таңда уақыттың қанша болғанын білу қиынға соқпайды. Жан-жағыңызға үңіліп қарайтын болсаңыз, уақыттың қанша болғанын көрсететін техника аз емес. Бірақ, бұл тенологиялар көбейсе де, қол сағат уақытты білуге арналған құрылғылардың ең атақтысы ретінде қала бермек. Қол сағат сіздің білегіңіздің сәніне айналғанын қаласаңыз, төмендегі кеңеске назар аударыңыз.

Сағат механизмі

Кез келген сағат өте қиын әрі кішкене мезанизмдерден тұрады. Қабылдайтын энергия түріне қарай сағатты екі түрге бөлуге болады.

1-Механикалық сағаттар

Бұл сағаттарда қорек көзі ретінде тығыздалып орнатылған серіппе үлкен рөл атқарады. Серіппе толықтай тарқатылып біткеннен соң, сағат тоқтап қалады. Сағаттың қайта жүруі үшін серіппені қайта бұрап, тығыздау керек. Бұл сағаттың басты кемшілігі серіппенің бірқалыпты тарқатылмауында болып табылады. Сол себепті күнделікті сағат тілі -20 және +40 секундқа кешігіп отырады. Осы кемшіліктің орнамауы үшін механикалық сағатқа қосымша автоматты бұралатын құлақ қойылады. Бірақ, бұл сағаттың атауы автоматты сағат деп өзгереді.

 

2- Кварцтық (электронды) сағаттар

Бұл сағаттардың басты қорек көзі күн сәулесі батарейкалары болып табылады. Кварцтық сағаттың ауытқуы +20 және -20 секунд аралығында. Механикалық сағаттардағыдай бұл сағаттың серіппесін бұрап жатудың қажеті жоқ. Себебі, сағат кварц кристалымен жұмыс жасайды. Ең өкініштісі кристалдың уақыт өте келе тозуында. Сонда да кварцтық сағаттарды механикалық сағаттарға қарағанда көп уақыт пайдалансаңыз болады. 

 

Сағат корпусы

Қол сағаттың ең басты қызмет атқаратын бөліктері корпустың ішіне орналастырылған. Егер де сағатыңыздың сізге ұзақ қызмет еткенін қалсаңыз, корпусының сапасы жақсы болуы керек. Корпус материалы жақсы болып, сағаттың сәнін келтіргенімен, бағасына да әсерін береді. Мысалы, ең арзан сағаттар алюминийден жасалынады. Бұл материал сағат үшін қолайлы емес. Себебі, алюминий тым жұмсақ әрі оңай зақымданады. Ал нашар боялғандары білегіңізге таңбасын қалдыруы да ғажап емес. Атақты сағат шығарушы Casio маркасының көп қолданатын материалы пластиктен жасалған сағаттар сіз үшін қымбатқа түсуі мүмкін. Бұл марканың қолданатын пластик өнімі өте жоғарғы сапаға ие. Тот баспайтын болат пен жезден жасалған корпустар да кездесіп жатады. Осы материалдардан жасалған корпустар ұзақ өмір сүреді әрі өте төзімді болып келеді. Сол сияқты сауда орындарында өзін жақсы көрсете білген материал - титан қоспасы бар корпустар. Қоспада титан көп болған сайын, сағатыңыз жеңіл әрі қымбатырақ болады. Көшірмеден сақ болу үшін міндетті түрде сағаттың құжаттарымен мұқият танысып шығыңыз. 

Сағаттың сыртқы пішіні

Сағат пішінінің дөңгелек, төртбұрыш немесе бұрыштары дөңгелек түрлері кездеседі. Сағат пішіні көбіне ішіндегі механизмдерге қарай өзгеріп отырады. Бұл сағаттардың кішкентайы да, үлкені де кездесуі мүмкін дегенді білдіреді. Үлкен сағаттарды сатып аларда, сақ болғаңыз жөн, себебі 100 грамнан асқан сағаттарды ұзақ тағу сіздің білегіңізге зақым беріп, қолайсыз жағдайларда қалдыруы мүмкін.

 

Сағат циферблаты мен айнасы

Циферблат сағаттың уақыт көруге арналған беті деп айтсақ болады. Ол біз үшін күнделікті көріп жүрген тілі мен ауысып отыратын сандардан тұрады. Кейбір сағаттарда түнде көруге болатын люминесценттік тіл бар. Бұл қараңғы уақытта сағатыңыздың тілін көруіңізге көмектеседі. Сағаттың тілі де маңызды, бірақ, бұдан маңыздысы циферблаттың қорғаныстық айнасы. Айна пластиктен, шыныдан, жасанды сапфирден (көк я жасыл түсті асыл тас) жасалады. Осы материалдардың ең шыдамдысы жасанды сапфир болып табылады. Жасанды сапфирді сындыру да қиын. Sapphlex және Tissot сияқты атақты сағат фирмалары осы материалдан жасалған айналарды жиі қолданады. Шыдамдылығы жөнінен екінші орындағы материал минералды айналар орташа сапалы сағаттарда кездеседі. Ең соңғы орынды пластик иеленеді. Түсінгеніңіздей пластикті сыру әрі сындыру өте оңай.

Сағаттың бауы

Сағаттың механизмі мен корпусынан кейін сағаттың бауы маңызды жері болып табылады. Яғни сағаттың сәнділігі көбіне бауына байланысты болады. Сағат бауын таңдаған кезде, түсіне және жасалған материалына назар аударыңыз. Баудың түсі белдік немесе аяқ-киіміңіздің түсіне ұқсауы керек. Ал материалына тоқталар болсақ, сағат бауының көптеген түрін кездестіруіңізге болады. Керамикадан, силиконнан, пластиктен жасалған баулар ұзаққа шыдамайды және сағатыңызды арзан етіп көрсетеді. Классикалық материал - былғарыдан жасалған баулар жайлы ерекше тоқталып өтуге болады. Бұл материал тез тозуға бейім болып келеді. Жарты жылдың ішінде бұл бау өзінің сапасын жоғалтады. Тағы айта кетерлігі ауа-райының өзгеруіне байланысты бау тартылып, ұсқынсыз жағдайға түседі. Ал алтыннан жасалған баулар қымбат көрінгенімен, білегіңізде көтеретін ауырлықты да ойлағаңыз жөн. Барлығының кемшілігі бар, сонда қайсысы жақсы деп ойланған болсаңыз, онда ең дұрыс шешім баудың материалына назар аудармай, білегіңізге ыңғайлысын таңдаңыз. Бірақ, ескермеу керек екен деп, бір аптада үзіліп кететін бауды алып қойып жүрмеңіз. Кейбір баулардың сіздің қолыңызға аллергиялық әсері де болуы мүмкін. Оны да ескергеніңіз артық етпейді. Ал ең бастысы қазіргі сәнге сай келуі керек.

Суреттер: mirsovetov.ru, wristwatch.com, thewatchhut.co.uk