Рlus size қыздарға арналған сәнді күзгі киімдер

Барлық қажетті киімдері бар рlus size қыздарға арналған әмбебап және сәнді капсула ұсынамыз. Бұл киімдер дене пішіні кемшіліктерін жасырып, артықшылықтарын айқындауға және күзде стильді көрінуге көмектеседі.

Шалбарлы костюм

Шалбарлы костюмдер бұрын тренд қана болатын, ал қазір базаға айналды десек те болады. Ол plus size қыздардың гардеробын біраз жақсарта алады. Бастысы — оны таңдау кезінде бірнеше қарапайым ережені сақтау.

Шалбардан бастайтын болсақ, оның тік үлгілеріне мән беріңіз. Шалбарда вертикаль әрлеме болғаны жақсы. Мұндай детальдар дене пішінді визуалды түрде созуға көмектеседі және артық килограмдарды жасыра алады. Пиджактың үстіңізге бос тұрғаны жақсы. Күзде ішінен водолазка немесе жемпір киіп алуға болады. Алайда өте көлемді үлгілер алмаңыз.

Джинс шалбар

Джинс шалбар — кез келген мерзімде қажет болатын киім. Рlus size дене пішініне қандай үлгі таңдауға болатынын білмесеңіз, палаццо немесе тік үлгілеріне мән беріңіз. Сондай-ақ клеш шалбарлар да ұтымды көрінеді. Денимді жайлы жемпірлермен, романтикалық жейделермен және трендтегі «аталар» свитерлерімен үйлестіріңіз.

Трикотаж

Күзгі киімдер жайлы айтқанда, трикотажды елемей қоя алмаймыз. Рlus size қыздарға арналған басты ереже: ірі тоқымалы свитерлер мен кардигандар алмаңыз. Себебі олар кеуде мен іш тұсына көлем береді. Ал артық декоры жоқ жинақы трикотаж күзгі гардеробыңыздың керемет базасына айналады. Мүмкіндік болса, кашемир жемпірлер алыңыз. Бұл материал денеге жағымды және жылуды жақсы сақтайды.

Белдемше немесе көйлек

Суық күндер келсе де, нәзіктік жайлы ұмытпаңыз. Белдемшелер мен көйлектер күзгі дөрекі бәтеңкелермен немесе етіктермен ерекше және стильді көрінеді. Плиссе белдемшелер дене пішінінің кемшіліктерін жасыра алады. Көпшілік плиссе толық қыздарға жараспайды деп ойлайды, алайда, бастысы — оның бүрме енінің дәл сізге келетін түрін алу.

Көйлектердің ішінде оның қаусырмалы түрі өте ұтымды көрінеді. Ол кез келген дене пішініне жарасады және дене пішінінің артықшылықтарын айқындайды. V-бейнелі ойық дене пішінін сымбатты ететін қосымша вертикаль сыйлайды. Қатты маталарға мән беріңіз.

Сыртқы киім

Толық қыздарға сырт киім алуға таңдау көп. Мысалы, көпшіліктің сүйікті сырт киіміне айналған тренч сіздің де күзгі капсулаңызға кіре алады. Ең жақсы ұзындық — балтыр ортасынан төмен. Сондай-ақ белінде байлайтын белдік болғаны жақсы.

Пальто таңдауға қандай да бір қатаң шектеулер жоқ. Алайда «кокон» үлгісінен бас тартыңыз. Әйтпесе, ол plus size дене пішінін одан әрі үлкейтіп көрсетеді. Оның орнына, мысалы, халат-пальтоға мән беріңіз. Жинақы пішім, белге екпін, дұрыс ұзындық — басты талаптар.

Күрткелерге келсек, дүкендерде оның түр-түрі бар. Өзіңізге ұнаған түрінен бас тартпаңыз. Бастысы, өте оверсайз, қатты үріліп тұрған немесе қатты жабысып тұратын түрлерінен аулақ болыңыз.

Сөмке

Сөмкелердің де кей түрлерінен бас тартқан дұрыс. Мысалы, микро-сөмкелер.

Аксессуарлар

Детальдар жайлы ұмытпаймыз. Күзгі гардеробты барлық мүмкін орамалдармен түрлендіруге болады. Олар бір түсті және принті бар болуы мүмкін. Суреттің кішкентай болуын қадағалаңыз. Сондай-ақ, күз — қалпақтармен тәжірибе жасауға жақсы кез. Күзде кең жиекті емес қалпақтардың тебіскі үлгілері орынды көрінеді.