Сән тарихына үңілсек, модельдердің де өмірінен біраз мәлімет аламыз. Ол модельдердің көпшілігі ретро стильде киініп, өзінің қызға тән биязылығын сақтап қалуға тырысқан. Кезекті материалымызда ХХ ғасырдың 50 жылдарында модельдердің үстінен табылып, осы күнге дейін үлкен сұранысқа ие болып жүрген көйлектерді ұсынамыз.
1. Кішкене қара көйлек
Ретро стильдің бірегейлігін кішкене ғана қара көйлектен бастаған жөн болар. Өкінішке орай, бұл көйлектің шығу тарихы трагедиялы оқиғамен байланысты. Коко Шанель оны 1926 жылы өзінің сүйіктісі Бой Кейпелдің жерлеу рәсіміне киіп бару үшін ойлап тапқан. Бойдың әйелі өзге біреу болғандықтан, Шанельдің қаралы киім киюге құқығы болмай, орнына осы қара көйлекті киген.
Алайда арада біраз уақыт өткен соң көпішілік оның қазаға байланысты киетін көйлек екенін ұмытып, артынша бүкіл әлемге танылған.
Мұнымен қатар әйел адамның кез келген мүсініне сай келеді. Көйлектің түпнұсқалы фасоны жабық, Н тәрізді мүсінді еске түсіреді. Белі төмен орналасқан, ұзын әрі жіңішке жеңі бар, тізеден төмен түсіп тұрады. Артық декоративті әшекейлері жоқ.
Ертеректе қара түсті киім еске қаралы, бақытсыз өмірді түсіретіндіктен, адамдар оны киюді ұнатпаған. Бірақ дизайнерлер оны сәнге айналдырудың оңтайлы тәсілін тапты.
Бұдан кейін Юбер Живанши Шанель ойлап тапқан көйлектің фасонын өзгертіп, «Тиффани үйіндегі таңғы ас» фильмінде басты рөлді сомдаған Одри Хеббернге кигізеді. Міне дәл осы сәттен бастап, бұл кішкене қара көйлек үлкен танымалдылыққа ие болады.
2. ХХ ғасырдың 20 жылдарындағы «Сэк-лини» көйлегі
Бұл көйлек өзінің әмбебаптылығымен ерекшеленеді. Оны жазғы көйлек ретінде немесе коктейль фасонындағы көйлек ретінде де кие беруге болады.
Фасоны тіктөртбұрышты жейдеге ұқсайды, тек жеңі қысқа және алқа мен арқа тұсы ойылған. Киген кезде тізеден сәл төмен тұрады.
Мұндай көйлекті белдікпен буып қоюға болады.
Көпшілік дизайнерлердің айтуынша, сол замандағы сән үлгілеріне заманауи өнер әсер еткен. Соның ішінде кубизм. Өте талантты, тәуелсіз, батыл Грета Гарбо сол кездегі әйелдердің көзайымына айналған еді. Бұл кезеңдегі қыздар жігіттерге арналған спортты меңгеріп, оларға тән маманықтарды да игеруге тырысқан. Сондықтан бұл көйлек қыз баланың мүсінін айқындамай, кең тұрады.
3. Мэрилин Монро стиліндегі көйлек
Аққұба шашты Мэрилиннің ақ көйлек киіп, жымиып тұратын суреті бәрінен де танымал болар. Бұл көйлектің фасоны өте ерекше ойластырылған.
Бастапқыда осыған ұқсас фасондар 50 жылдары пайда бола бастаған. 1955 жылы Билл Уайлдердің «Тілектің сегіз жылы» атты фильмінде бас кейіпкер киіп шықпағанында танымал болмай қалуы да мүмкін еді. Көйлектің етегін жел ұшырып тұратын эпизод та дәл осы фильмде көрсетілген. Бұл көйлекті арнайы осы фильм үшін атақты дизайнер Уилльям Травилла ойлап тапқан болатын. Айтпақшы бұл көйлек осыдан 2 жыл бұрын Лос-Анджелестегі аукционда 4,5 миллион долларға сатылған болатын.
Көйлек біраз өзгертілген соң кеудесі V әрпі тәрізді ашық, белі әдеттегіден көтерілген. Бір қарағанда белдемше мен кеудешенің қосындысы секілді көрінеді.
Мұндай көйлек бойжеткеннің нәзіктігін айқындау үшін тізеден төмен немесе еденге жетіп тұратындай болуы тиіс. Әдетте жібек, шифон секілді жеңіл маталардан тігіледі.
Жалғасы бар ...
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: fashion.ru