- Негізгі бет
- Сән
- Паралимпиадашылар – сән...
Паралимпиадашылар – сән журналы мұқабасында
Сән өнерінің аса беделді Vogue журналында бірнеше онжылдықтар бойы редакторлық қызмет атқарған журналист Карин Ройтфельд өзінің жеке CR Men's Book басылымын ерекше форматта шығарды.
Ақпан айындағы журнал мұқабасына паралимпиада спортшылары шықты. Мұндай мұқаба осыған дейін ешқандай басылымда болмаған. Қашан да жасаған ісіне жаңалық әкеліп, революция жасап жүретін Ройтфельд бұл жолы да жұртты таңқалдырды. Суреттергі спортшылар — Рид Маккракен мен Лиам Мэлоун.
Паралимпиада жұлдыздарын фотосуретке даңқты Стивен Кляйн түсірді. "Мен паралимпиадашылардан артық мотиваторлар жоқ екенін жақсы білемін. Мұқабада суретін шығаруға бұлардай лайықты жан жоқ шығар. Олар тек физикалық тұрғыдан ғана емес, моральдық тұрғыдан да чемпиондар," - дейді Карин Ройтфельд.
Лиам Мэлоун — екі мәрте паралимпиада чемпионы, Жаңа Зеландия тумасы. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода 200 және 400 метрлік жүгіру бойынша бақ сынаған. Осы жылдың қаңтар айында спорттан кететінін мәлімдеді. Ендігі уақытын жоғары технологиялар саласына арнамақ.
Рид Маккракен — аустралиялық спринтер, Лондон (2012) мен Рио-де-Жанейро (2016) паралимпиадасының қола жүлдегері.
Естеріңізге сала кетейік, қазір сән әлемінде адамдарды идеалға талпынбай, керісінше, өзінің бар болмысымен сүюге баулитын бағыттағы жұмыстар көп орын алуда. Мысалы, өткен аптада да осындай үлкен жаңалық орын алған болатын. Аталған өндірістің інжіліндей Vogue басылымы ендігіде мұқабаға еш макияжсыз әрі қосымша әрленбеген суреттер шығаруға ниетті екенін білдірді.
Мұндай қадамды Vogue Italia журналы бастады. Оның ақпан айындағы шығарылымында үнемі рейтингтер басынан табылатын Жизель Бюндхентің суреті бейнеленген. Фотосессия модельдің Массачусетс штатындағы Честнат-Хиллде орналасқан үйінде өткен. Сурет әдеттегідей мінсіз ойластырылған образда емес, қарапайым үй киімінде әрі өз отбасы мүшелерімен өткізетін бір күннің сипатын береді. Британиялық фотограф Джейми Хоксворт жасанды жарық пайдаланбай, пленкалы аппаратқа түсірген. Журнал ішінде Жизель Бюндхентің жолдасы Том Брэди мен Бенджамин, Вивиан есімді балалары бірге уақыт өткізген отбасылық суреттер басылған. Интервьюді жазушы Ричард Мейсон алған.
Мұндай ерекше қадамға қазіргі уақытта жастардың мінсіз болу жолында көптеген қауіпті операцияларға баруы себеп болған көрінеді.
А. Оралқызы