- Негізгі бет
- Сән
- Pantone 2014 жылдың...
Pantone 2014 жылдың негізгі түсін анықтады
Рantone түстер институты әр жыл, әр маусым үшін сәнді түстер палитрасын ұсынып отырады. Олар әлемдік атаққа ие сән үйлерінің, дизайнерлердің топтамаларын зерттеу арқылы келесі маусымның немесе жылдың сәнді түстерін анықтайды. Және сол маусымда расымен олардың болжамы дәл келеді.
Жақында ғана Рantone түстер институты келесі, яғни 2014 жылдың басты түсін көпшілікке таныстырды. Бұл түс "Жарқыраған орхидея" (Radiant Orchid) деген атауға ие ашық күлгін-алқызыл түсі болды.
Рantone түстер институтында әр түс, тіпті әр түстің реңкінің өз атауы, нөмірі болады. "Жарқыраған орхидея" түсін Рantone түстер палитрасынан 18-3224 деген нөмірмен таба аласыз.
Институт мамандарының айтуынша, келер жылдың басты түсі тартымды, сиқырлы әрі жұмбақ көрінеді. Институт директоры Леатрис Айсман: "Бұл түсте күлгін, алқызыл түстердің реңктері, фуксия түсі қосылып, махаббат, сенімділік, денсаулық пен қуанышты білдіріп тұрғандай сезім береді", – деп өз пікірін білдірді.
Естеріңізге сала кетсек, биыл, яғни 2013 жылы жылдың басты түсі зүбаржат түсі болған.
Келер жылы "Жарқыраған орхидея" түсі барлық маусымда сәнде болып, ең жиі қолданылатын түске айналмақ.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: pantone.com
С. А