- Негізгі бет
- Сән
- Осы күзде шарфты...
Осы күзде шарфты қалай стильді тағамыз?
Күзгі аксессуарлардың бірі — шарф. Шарф мойныңызды жылы ұстап қана қоймай, киім үлгісін ерекше етуге көмектеседі. Гардеробта бұл акссессуардың бірнеше түрі болған артық етпейді. Күздің салқын күндеріне шарфыңыз дайын болса, оны тағудың стильді әдістерін ұсынамыз.
Шарфты белдіктің астына қалдыру
Әдетте, бұл әдіске ұзын және жалпақ палантиндерді қолданады. Оны бір иыққа немесе мойынға іліп, белге әдемі белдік тағады.
Шарфты классикалық түрде жартылай орау
Бұл қарапайым әдіс — барлық уақытқа арналған классика. Ол арнайы дайындықты немесе дағдыны қажет етпейді. Шарфтың бір жағымен мойынды орап, артқа жіберсеңіз болғаны. Бұл әдіске көлемді шарфтар жақсы келеді.
Шарфты жай мойынға іліп алу
Кей адамдар мойынға шарф орағанды жақсы көрмейді. Егер сіз де осы қатарда болсаңыз, бірақ киім үлгісіне ерекше екпін сыйлағыңыз келсе, оны орамай-ақ мойынға іліп алыңыз. Бұл әдісті еуропалық стритстайл жұлдыздарынан жиі байқауға болады, себебі олардың ауа-райы солай жүруге қолайлы. Осы әдіс сізге ұнаса, бірақ мойныңыз тонса, сырт киімнің ішінен водолазка киіп алыңыз. Бұл әдіске қалың да жұқа да шарфты қолдана бере аласыз.
Шарфты байлау
Тағы бір ерекше әдіс — шарфты мойныңызға алдыңғы жағынан бір рет байлау. Бұл әдіске пішінін жоғалтпайтын көлемді шарф таңдаған жөн.
Свитерді мойынға іліп алу
Бұл әдісті көпшілік жиі жаздың салқын кештерінде қолданады. Ол кезде олар футболка немесе топ киіп, мойнына свитерді іліп алады. Алайда оны күзде пальтолардың сыртынан іліп алу арқылы да ерекше киім үлгісін жасауға болады.
А. Жапатова