- Негізгі бет
- Сән
- Осы жазда сәнде...
Осы жазда сәнде болатын 7 аксессуар
Жазғы киім үлгісіне аксессуарлар ерекше қажет. Егер детальдарға мән беретін қыздар қатарына жатсаңыз, заманауи әрі әсерлі көріну үшін жазғы гардеробқа қандай аксессуарлар қосу керегін оқыңыз.
Ауыр әшекейлер
Көпқабатты шынжырдан тұратын ауыр әшекейлер — көктем-жаз топтамасында Том Форд қолданған аксессуарлардың бірі. Оның ойынша, осы жазда көлемді шынжыр чокерлер мен классикалық алқаларды толыққанды ауыстыра алады. Алтын түстес ауыр әшекейлер классикалық киім үлгісімен ерекше әдемі үйлеседі.
Інжу бұйымдар
Егер інжу бұйымдарды 50-ден асқан әйелдер ғана тағады деп санасаңыз, қатты қателесесіз. Стилистер інжуден дайындалған әшекейлер мен білезіктер зергерлік әшекейлер мен бижутерияларды ауыстыра алатынын айтады. Олар жібек және басқа да жеңіл табиғи маталармен жақсы үйлесім табады. Сәнді подиумдардан байқалған тағы бір тренд — ақ немесе түрлі түсті інжуден тігілген топ. Мұндай ерекше аксессуарды сәнқой қыздар базалық жейделердің сыртынан киіп жүр.
Түрлі-түсті тастары бар әшекейлер
Осы жазда әртүрлі пішіндегі түрлі-түсті тастары бар әшекейлер сәнде болады. Шығыс стиліндегі білезіктер, ауыр сақиналар мен сырғалар: таңдаған аксессуарыңыз түрлі-түсті тастармен безендірілген болса, трендті киім үлгісін оңай жасай аласыз. Мұндай аксессуарлар біртүсті киім үлгісімен жақсы үйлеседі.
Күннен қорғайтын ерекше көзілдіріктер
Егер осы жазға әлі стильді көзілдірік алып үлгермеген болсаңыз, оның сәнді түрлеріне мән беріңіз. Бұл жылы күннен қорғайтын көзілдіріктердің бірден бірнеше түрі трендте болады. Мысалы: ретро стиль, «мысық көз» пішіні, жалпақ және тіктөртбұрышты көзілдіріктер, түрлі-түсті линзалар.
Ерекше клатчтар
Ұзынынан созылған, дөңгелек, неон түстес және тастардан жасалған клатчтар: ең атақты сән үйлері өз топтамаларына ерекше клатчтарды қосты. Ерекше клатчтарды күндізгі және кешкі киім үлгісін аяқтауға пайдалана аласыз.
Иыққа тағатын білезіктер
2000-жылдардан оралған трендтің бірі — иыққа тағатын білезіктер. Бұл детальды қолдану арқылы жасалған киім үлгісі стильді көрінеді. Оның металл және алтын түстеріне мән беріңіз. Сондай-ақ, олардың қос және пішінді түрлері де сәнде болады.
Винтаж стиліндегі әшекейлер
Осы жазда ретро стиліндегі сырғалар, сақиналар және алқалар сәнде қала бермек. Әсіресе, алтын және інжу бұйымдарға мән беріңіз. Тағы бір маңызды винтаж аксессуар — жәндіктер немесе гүлдер пішініндегі түйреуіш (брошь). Білезіктерді немесе сақиналарды бірден бірнешеуін қатарынан тағу арқылы стильді көрінуге болады.