Ив Сен-Лоран 2002 жылы сән өндірісіндегі мансабын тастағанымен, одан 15 жыл өткеннен кейін сән астанасы Париж қаласында жеке мұражайы ашылды. 3 қазанда жұртшылыққа есігін ашқан Musée Yves Saint Laurent Paris Марсо көшесінде орналасқан.
Қазір Ив Сен-Лоран мұражайы орналасқан сарай бұрын 30 жыл бойы аталған сән үйінің штаб-пәтері болған. Ал, 2002 жылдан бастап Пьер Берже — Ив Сен-Лоран қоры дәл осы жерде ашылған екен.
Ашылу салтанатына танымал саясаткерлер, сән өндірісінің майталмандары, бұл салаға селқостық танытпайтын барша жұрт жиналды. Бірақ оған ең басты қонақ, Сен-Лоранның өмір бойы иық тіресе бірге еңбек еткен серіктесі, барша мұрағатты қалпына келтіріп, мұражайдың ашылуына үлкен ықпал еткен Пьер Берже келмеді. Ол өзі күткен ұлы күнге бір ай уақыт қалғанда өмірден өтті.
700 шаршы метрді қамтитын сарай Берже мен Сен-Лоран 2002 жылы Fondation Pierre Berge — Yves Saint Laurent қоры үшін қайта сатып алған. Аталған қор жылына 3-4 көрме ұйымдастырып отыратын болған. Көйлектер мұрағаты сарайдың төртінші және бесінші қабаттарында орналастырылған. Бір қызығы, Берже Yves Saint Laurent сән үйінің көйлектерін арнайы мұрағат үшін 1964 жылдан бері жинақтап келген.
Мұражай дизайны Жак Гранжға табысталған. Ол 1980 жылдары Сен-Лоран сән үйін әрлеумен айналысқан. Гранж жасыл реңді дөңгелек бөлме стилистикасы сол уақыттың атмосферасын беретінін айтады. Кезінде кутурье хрусталь шамдар ілінген дәл осындай бөлмеде өзінің үздік киім үлгілерін жасаған көрінеді.
Мұражай кураторы Натали Криньер ханым осыған дейін Сен-Лоран сән үйінің бірнеше көрмесін ұйымдастыруымен қоса, Помпиду орталығындағы Жан Кокто (2003) экспозиция және Musée des Arts Decoratifs мұражайында орналасқан Dior (2018 жылдың 7 қаңтарына дейін жұмыс істейді) ретроспективасын мінсіз жасағаны үшін көпшілік қошеметіне бөленіп үлгерген.
Мұражайда жалпы саны 5 мың көйлек, 15 мың аксессуар, көптеген эскиздер мен фотосуреттер, сондай-ақ, әр киімнің жасалуына қатысты құжаттар ұсынылған. Экспозиция Ив Сен-Лоранның ақ-қара түсті портреттері ілінген шағын салоннан басталады. Ол фотосуреттер Ричард Аведон, Патрик Демаршелье мен Жанлу Сьефф сынды өз заманының үздік фотографтардың шеберханасынан шыққан.
Одан әрі жүрсеңіз сарайдың бірінші қабатында смокинг, жакет-сафар, тренчкот секілді аталған сән үйінің беткеұстар киім үлгілері ілулі тұр. Екінші қабаттағы залдар Сен-Лоран мансабындағы Матисс, Ван Гог, Мондриан, Пикассо өнерімен болған шығармашылық диалогіне арналған.
Сарайдағы ең соңғы нүкте – шебердің студиясы. Онда бәрі Ив Сен-Лоран көзі тірісінде қалдырып кеткен күйінде тұр. Көпшілікке қызық болғаны – мұражай директоры 35 жастағы Оливье Флавиано мырзаның сырт келбетінің мэтрден айнымайтыны. Musée Yves Saint Laurent Paris мұражайының ашылуына орай берген сұхбатында Fondation Pierre Berge — Yves Saint Laurent қорының директоры Мэдисон Кокс былай деді: «Көпшілік салтанатқа Пьердің келмегенін трагедия санайды. Бірақ, мен бұған келіспеймін. Өйткені, оол дәл осы күні біздің ортамызда болмағанымен, мұнда барлық дүние нақты оның қалауындай, ол 1964 жылдан бері армандап келгендей орналастырылған. Сондықтан, еш өкініш жоқ».