Оқу бітіретін уақыт та, міне, жақындап қалды. Аруларымыз өздеріне ұнамды образ таңдап, көйлек іздеумен жүр. Бұл жылы қандай көйлектер сәнде?
Көптеген оқушы мен студент оқу кезінде тұйықтау болғандықтан, бітіру кешінде жаңа өмірге аяқ басып, түбегейлі өзгергісі келеді. Ата-анасына бұл себепті айтуға ұялатын қыз бала өз бетімен өзгерудің амалын іздейді. Сол уақытта көмекке "жаңа образды дайындау" идеясы келеді. Мұны біз жасөспірімдерге арналған мелодрамалардан көрген болатынбыз.
Жылдар бойы өз "інінен" шықпай, қатарластарымен көп сөйлеспейтін аруымыз бітіру кешінде өзін ханшайым сезінгісі келеді.
Неден бастау керек?
"Ханшайым образының басты элементі - тәж" деген ұстаным қате. Ол бар болғаны сәндік элемент. Негізінде, ханшайымды ханшайым ететін нәрсе - ақыл, парасаттылық, ұстамдылық пен мейірімділік. Ал бұл қасиеттер қазірде біз үшін адамзаттың бәріне тән болуы керек қасиеттер емес пе?
Бойында осындай қасиеттері бар ару өзіне жарасымды болатын сәнді көйлек таңдаса, тәжсіз де кештің ханшайымы болары сөзсіз.
Олай болса, назарларыңызға жазғы сәнге сәйкес таңдалған түстер, принттер мен пішінді көйлектер топтамасын ұсынамыз:
Кеудесі үшбұрыш, етегі тізеге жететін, қымбат матадан тігілген мына көйлек кез келген нәзік жандының жүрегін жаулары сөзсіз. Алтын, ашық көк тектес нәзік түстердің тоғысы ақшыл түсті биік өкшелі туфлимен жақсы үйлесімін тауып тұр.
Биылғы трендтегі киімдердің бірі - қысқа кофта мен сәнді белдемше. Ерекше принтті белдемше мен 70 жылдар тақырыбын көтерген принтті кофтаны бітіру кешіне киюге болмайды деп кім айтты?
Бұл көйлектің үшбұрышты кеудесі, иықтан төмен тұратын иықбауы, қынама белі - дене сымбатыңызды одан сайын тартымды етіп көрсететін элементтері. Қанық қызыл, биылғы трендтегі түс - сары мен ақшыл түстердің үйлесімі бидай өңді де, қара торы да қыздарымызға жарасымды болары сөзсіз.
Әйгілі гүл принті 2015 жылы да салтанат құруда. Дизайнерлердің сөрелерінен орын алған "пачка" көйлегі мектеп бітіруші аруларға сөзсіз жарасады. Нәзік қызғылт пен шабдалы түстерінің үйлесімі аруды бойшаң, сұлу етіп көрсетері анық.
Биылғы жаз сәні элементтерінің бірі - миди көйлек пен белдемшелер. Кештің сәнін келтіретін бұл көйлек әдетте бойшаң қыздарға жараса кетеді. Сондай-ақ бітіру кешіне артық салмақтан арылуға үлгермеген арулар үшін де ұтымды үлгі. Себебі үстіңгі бөлігі бостау болып тігілген миди көйлек сізді арық, бойшаң, сұлу етіп көрсетеді.
Шифоннан тігілген осы тектес көйлек жазға таптырмас нұсқа. Аппақ қардай түс сізді кеште тартымды, сәнді етіп көрсетері сөзсіз. Әрі ақ түс - пәктіктің символы. Сол себепті психологиялық тұрғыда адамдар ақ түсті киімдерді көбірек ұнамды етіп қабылдайды. Иығы қолға жатып, төмен орналасуы - жылдар бойы тренд болып келе жатқан тігіс түрі.
Қыпша белді одан сайын жіңішке етіп көрсететін бұл көйлек кербез аруларға арналған. Ұстамды, байсалды, салмақты стильдегі бұл көйлек сәннен де қалар емес. Гүлді принтті пайдалану арқылы көйлектің "байсалдылығын" басуға болады.
Үшбұрышты кеуде мен етегі кең тұратын ұзын көйлек - нағыз ханшайымдардың образына сай. Ақ, ашық қызғылт пен ерекше принттердің тоғысы - жазғы нәзік образды негіздеп тұр. Белі жоғары орналасқандықтан, киген аруды бойшаң, сымбатты етіп көрсетеді. Әрі қарапайым, әрі бай көрінетін бұл көйлек көптеген арудың арманы екеніне күмән жоқ.
Сізге қай көйлек ұнады? Бітіру кешіне көйлек таңдадыңыз ба? Егер бітірген болсаңыз, қандай көйлек киген едіңіз?
Сурет: Ольга Ким, vk.com
Ұқсас жазба:
Оқу бітіру кешіне арналған көйлектер
Оқу бітіру кешіне арналған маникюр