- Негізгі бет
- Сән
- Өкшелі аяқ киім...
Өкшелі аяқ киім түрлері
Өкшелі аяқ киім немесе тақалар жайлы не білеміз? Күнделікті өмірде кез келген аяқ киімнің формасын қарапайым сөзбен жеткізіп жатамыз. Аласа тақа, биік өкше, төртбұрышты өкше, т.б. Ендеше, сәнге қатысты сөздік қорымызды аяқ киім өкшелері турасындағы терминдермен толықтырайық.
1. Вен тақасы. Бұл – ең аласа тақа. Тігісте бар-жоғы білінбес 1-2 см тақаны осылай атайды. Бұл қатарға кроссовка, балетка, сандали сынды аяқ киімдер жатады. Вен тақасының артықшылығы ер адамдарға да, әйел адамдарға да өте ыңғайлы. Дегенмен, жүріс өзгеруіне әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан сәл биік өкшелі аяқ киім кигеніңіз де жақсы.
2. Кірпіш тақа (кирпичик) – бұл аяқ киім өкшесінің ұзындығы 2-4 см арасында болады. Ер адамдарда да, әйел адамдарда да кездесе береді. Дегенмен, қыз балалар бұл тақаның түрін аса ұната бермейді. Артықшылығы, аяққа өте ыңғайлы. Соған сай түзу жүріске де септігі мол.
3. Ковбой тақасы – атауы айтып тұрғандай-ақ ковбой атрибуттары немесе детальдары кездеседі. Джинсымен өте сәнді көрінеді. Ұзын кардиган немесе клеш шалбармен де үйлеседі. Осы тақаға қатысты бохо стилі қалыптасқан.
4. Рөмке пішінді өкшелік – кішкентай әрі сүйкімді. 5 сантиметрден аспайды. Сыртқы көрінісі рөмке пішіндес болғандықтан осылай аталып кеткен болуы керек. Тақаның бұл түрін көпшілік қыздар ыңғайсыз деп жатады. Алайда, өкшелік ішіндегі ең кереметі деген де пікірлер кездеседі. Соңғы пікірді атақты Одри Хепберн де қолдайды. Оның көпшілік аяқ киімі осы үлгіде болғанын да білеміз.
5. Клиновид өкшесі – көз алдыңызға конусты елестетіңіз. Енді оны төңкеріңіз. Клиновид тақасы дәл сол көріністі береді. Көп жағдайда 5-8 сантиметр аралығын қамтитын боп келеді. Жабық туфлилер мен ботфорттарда жиі кездеседі. Күнделікті жүріс-тұрысқа киюге ыңғайлы.
6. Бөрене пішіндес өкшелік (столбик) – биік тақаның ішіндегі ыңғайлысы. Аты айтып тұрғандай бөрене тәрізді жерге тағандап тұрады. 12-15 см болса да, жүрісіңізге ешқандай қиындық туғызбайды.
7. Платформа – биік болғанымен табаны толығымен жерге тиіп тұрады. Бұл да жүріске өте ыңғайлы. Тақаның бұл түрімен қанша жүрсеңіз де шаршамайсыз. Ұзындығы – 10-15 сантиметр аралығында болады. Кей платформалар ұзындығы 20 сантиметрге дейін де барады.
8. Шпилька – ер адамдардың назары ауатын тақаның ең әдемі көрінісі. Тақадан бұрын өте жіңішке әрі ыңғайсыз туфлиде әйел адамның қалай жүретіні қызық болатыны белгілі. Ені бар-жоғы 1-2 см, ұзындығы 8 сантиметрден биік болатын бұл тақаны киіп, әдемі жүрудің өзі өнер. Шпилька пішіндес тақа көп жағдайда металды стилеттен жасалады. Еуропада стилет деп атайтыны да сондықтан болуы керек.
Сіз қандай тақа түрлерін білесіз?
Ә. Жутаева