- Негізгі бет
- Сән
- Одри Хепберннің жеке...
Одри Хепберннің жеке заттары бәссаудаға салынады
Биыл – Одри Хепберннің өмірден өткеніне 24 жыл. Қашан да сыртқы көркімен қатар, ішкі болмысының сұлулығы арқылы көпшілікке үлгі болған еліктей көркем Одридің стилі де мінсіз еді. Ішкі жандүниесінің пәктігі өзінің адам болып қалу жолындағы үлкен жетістігі болса, биік талғаммен қалыптасқан киім үлгісі оның сүйікті дизайнері – Юбер де Живаншидің еңбегі болатын. "Тиффанидегі таңғы ас" фильміндегі қара футляр-көйлек, "Сабринадағы" әдемі бал көйлегі, "Миллионды қалай ұрлауға болады" фильміндегі шілтерлі көйлек, "Сүйкімді келбет" фильміндегі қызыл көйлек, тіпті, Одридің той көйлегінің өзі осы Юбер де Живаншидің шебер қолдарынан шыққан.
Көпшіліктің көңілінде әлі күнге дейін сақталып қалған осы киім үлгілері алдағы қыркүйек айының 27-жұлдызында Лондондағы бәссауда үйіне қойылады. Оған дейін Christie’s бәссауда үйінің штаб-пәтерінде көрме ұйымдастырлады. Сондай-ақ, 19 қыркүйек пен 9 қазан аралығында онлайн-сатылым болады. Бәссауданың өзіне классикалық Burberry тренчкоты, көк коктейль көйлегі, балеткалар топтамасы және Трумен Капотенің актрисаға жазған хаттары қойылады.
Одри Хепберннің жеке заттары бұрын да бірнеше рет сатылымға шығарылған болатын. 2006 жылы Christie’s бәссаудасында "Тиффанидегі таңғы ас" фильміндегі Givenchy көйлегі 456 000 фунтқа сатылған еді.
А. Оралқызы