Одри Хепберн стилі

Өнер жолын Одримен бірге бастағандардың есімдері әлдеқашан ұмыт болған. Бірақ, Одри Хепберн өнер мен өмір деген қос өзеннің ағынымен адам қалпын жоғалпай жүзе білген нағыз идеал әйел ретінде көпшілік жадында мәңгі сақталды.  Юбер де Живанши ол туралы былай дейтін: «Әлемде Одри Хепбернге ұқсағысы келмейтін әйел заты жоқ». Ол Жаклин Кеннеди, Лина Хорн, Диана ханшайым сынды ең талғампаз сәнқой бикештерден әлдеқайда бұрын пайда болып, өз заманының символына айналып үлгерді.

Одри қалайша әлем жұртшылығының 100 пайыз сүйікті актрисасына айналды?

Кейбір сыншылардың айтуынша, Одри кинемотография өндірісіне нағыз қажет кезде келуімен ұтымды қадам жасаған. Ол көгілдір экранға 50-ші жылдары, яғни, халық ескіден жалығып, жаңалыққа дайын болған шақта келді. Толықсыған денелі арулар жұлдыз болған заман аяқталып, оларды арық әрі бір көргенге үзіліп кетердей нәп-нәзік дене бітімді бикештер алмастырған уақыт туды. Ол уақытта Одридің өте танымал болуына осы сәйкестік себеп болды деп топшылағандар уақыт өте оның танымалдығы арта түспесе, бәсеңдеген емес.

Тіпті, оның стилі классикаға айналды. Одриге дейінгі калифорниялық next door girls стиліндегі әртістердің қасында ол нағыз еуропалық ақсүйектерге ұқсайтын. Хепберн ханым қара тоқыма жемпір, легинстер, капри шалбар, трапеция пішінді  көйлектер, ақ түсті жейде, сәнді қалпақтар, кішкене тақалы туфли, кейде балеткалар киетін. Одри стилін ұстанғысы келетін бикештер, ең алдымен, өз гардеробтарын осындай киімдермен толықтырғаны жөн. Бірақ, іс мұнымен бітпейді.

Себебі, Одри стилін ұстанатын арудың жаны ізгілікке тұнық болуы тиіс.