Нина Риччи: "Мен жақында атақты боламын!"

Нина Риччи 33 жасында Гастон Морелге тұрмысқа шығады. Сол уақытта Риччи ханшайым оңы мен солын таныған, өз ортасында сыйлы жан болатын. 2 кеңсесі, 2 дүкені, 30 тігіншісі бар еді.

Оның ұстанымы: «Мен жақын уақытта атақты боламын». 1932 жылы туған ұлы Роберттің көмегімен «Maison do Haute Couture Nina Ricci» атты өзіне ғана тиесілі сән үйін ашады. Бастапқыда қалыңдық көйлегін тігуге арналған ателье болады. Капуцинов көшесінде орналасқан №20 сән үйінде 40 тігіншісі жұмыс істеді. Роберт Риччидің іскерлік қасиетінің арқасында оларға табыс өте жылдам келеді. Соғыстың алғашқы жылдарында тапсырысқа 450 тігінші әрең үлгереді.


Риччи ханым басқару ісінің барлығын ұлына тапсырып, өзі толықтай шығармашылықпен айналысады. Бұрынғыша кербездік пен сәнге талпынады. Соғыс пен басқыншылық жақындаған сайын киім ілгіштер мен тізеге дейін түсіп тұратын белдемшелерге деген сұраныс арта түседі. Қиын-қыстау кезеңге қарамастан, Нина өзі жақсы көретін гүлді принті мен бантигі бар киім-кешектерін шығара береді. Көп ұзамай осы бантик «Nina Ricci» сән үйінің символына айналады. Мұнымен қатар осы сән үйі тіккен қалыңдық көйлегі қазіргі таңда көпшіліктің сұранысына ие болуда. Мұндай көйлектің бағасы Париждің қымбат салондарыныкімен бірдей болғандықтан, оны тіктіруге тек ханшайымдар ғана тапсырыс беретін.


«Nina Ricci» сән үйін «Ricci құрастырған сән үйі» десек те болады. Бұл жерде әңгіме Роберт Риччи жайында болып жатыр. Роберт сәннің нәзік иірімдерін ескерген, өте білімді жан болатын. 1943 жылы алғаш рет «Coer-Joie» атты әтір шығарады. Аталған әтірдің құтысын атақты дизайнер, әрі Роберттің жақын досы Марк Лалик жасайды.

1946 жылы парфюмерлік өнердің шедевріне айналған «L'Аir du Temps» («Уақыт ағымы») атты екінші әтірді жасап шығарады. Қос ғашық құшақтап тұратын құтысын тағы да Лалик ойлап табады. Жақсы дамып келе жатқан парфюмерлік бизнес Париж маңындағы Ур қаласында өнеркәсіп ашуға ұласады. Ал гүлден жасалған хош иісті әйел қауымы жазбай танитын еді.


Аты әлемге әйгілі Нина Риччи барлығына бала арманына деген беріктігінің арқасында жетеді. 

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: rudaki.ru