Дельфина Делеттре – Фенди әулетінің төртінші ұрпағы. Француз зергері Бернар Делеттре мен Сильвия Вентурини-Фендидің қызы. Болашақта жұлдызы жанған ару 1989 жылдың 12 сәуірінде Римде дүниеге келген. Мұнда туылғанына қарамастан, көп уақыт Рио-де Жанейрода тұрады. Көп кешікпей италиялық Fendi сән үйінің таныстырушысы атанды. Отбасынан мұра болып келе жатқан жеке зергерлік бұйымдар жасау дәстүрін жалғастыруда. Алғаш рет топтамасы Париждегі атақты Колетт дүкенінде көрсетілген. Жеке бұйымдарын алтын, күміс, мәрмәр, күйіктас, экзотикалық табиғи ағаштар, сүйек бөліктері, әйнек, гауһар тас, жылтыр металл және түрлі-түсті лак секілді дүниелерден жасайды екен. Бас сүйек қаңқасы, крест, адамның дене бөліктері, әртүрлі жануарлардың бейнесінде жасалған зергерлік бұйымдар көздің жауын алып, басқа дизайнерлерді де қызықтыруда. Оның туындылары готика, романтика, рок, ойнақы, құмарлық секілді ерекше стильдерді қамтиды.
Дизайнер-сюрреалист әрі зергер Дельфина Делеттренің сән құмар жандардың жүрегін алғаш жаулауы емес. Көз бен еріннің бейнесінде сырғалар жасайтын италиялық ару экспериментті қатты жақсы көреді екен. Бұл жолы сән құмарларына арнап неон эмальмен қапталған Tourbillon күміс білезігін жасап шығарды. Қалай болғанда да, Tourbillon білезігі тек әдемі аксессуар ғана емес, көңілді көтерудің бірден-бір тәсілі.
Сегіз әртүрлі дөңгелектер бірде Юпитер сақиналары секілді көрінсе, бірде физикалық үлгіге ұқсас болып көзге түседі. Мұнымен қатар зергерлік Delfina Delettrez бренді білезіктің ішіндегі айналмалы турбийон сағат механизмімен жабдықталған. Дизайнер оған әсем түстерді қоса түсті.
Бұрынырақта оптикалық иллюзияны ұнататын Дельфина Делеттре алтынға малынған үш түсті Tourbillon білезіктерінің сериясын жасап шығарған болатын. Енді зергер күміс орбиталарды неонды эмальмен жабдықтай түсті. Дөңгелектер бұрынғыдай еш қиналмастан өз өзектерінде космо-молекулярлық кейіпке еніп, айнала береді. Мұндай таңғажайып жаңалықты жапониялық Vogue журналының редакторы Анна Делло Руссо өз блогына жазды. Delfina Delettrez білезігі осы күнге дейін басқаларға ұқсамайтын жаңа топтама.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Суреттер:www.justlady.ru