- Негізгі бет
- Сән
- Монроның атақты көйлегіне...
Монроның атақты көйлегіне қатысты 3 дерек
XX ғасырдың ең даңқты актрисасы Мэрилин Монроны еске алған кезде осы көйлек есіңізге түседі. Ал оның тарихы туралы ойланып көрдіңіз бе? Қай дизайнердің жұмысы екенін білесіз бе? Ендеше, тарихтағы ең қымбат көйлек туралы таным көкжиегімізді кеңейте отырайық.
1. Мэрилин Монро бұл көйлекті 1962 жылы 19 мамырда Мэдисон Сквер Гарденде өткен сол кездегі АҚШ президентінің туған күнінде киген. Сахнаға шығып Кеннедиге: "Happy Birthday Mr President" әнін шырқаған. 45-ке келген президент сол кезде Монроға ғашық еді. Кей деректер бойынша, ол сүйіктісіне өзі ұсыныс жасап, концертке қатысуын өтінген деседі.
2. Көйлек 2016 жылы бәссаудада 5 миллион долларға сатылды. 1960 жылы оның құны 1440 доллар болған. Лот миллионердің үйінде емес, Рипли мұражайы қорында сақтаулы тұр.
Бірақ, бұл лоттың алғаш рет сатылуы емес. Мэрилин Монроның көйлегі алғаш рет 1999 жылы Christie's аукционында 1 267 000 долларға сатылған. Сол кезде де бұл баға рекордтық көрсеткіш болды. Бұған дейін 1997 жылы Диана ханшайымның көйлегі 225 000 долларға сатылып, ең қымбат киім атанды.
3. Дизайнер — Jean Louis бренді. Мұндай тым нәзік көйлектер легінің алғашқысы осы. Дәл Мэрилиннен кейін күміс экран жұлдыздары қызыл кілемге осындай сарындағы киім киюді сәнге айналдырды. Сән тарихына ықпал етердей әдемі көйлек тігу дизайнерге Мэрилиннің қалауын орындау барысында бұйырды. Себебі, актриса ғашығының алдында ән шырқап, бар әлемнің көзі өзіне тігілгенде, мінсіз көрінгісі келді.
А. Оралқызы