Модель болу үшін...

Модель болу үшін...
Фото: Weproject.kz

Моделдердің өмірі – өзіне тән стандарттары мен талаптары бар бөлек әлем. Олардың ұзын бойлы әрі белгілі параметрлерге сәйкес дене бітімі болуы керек екенін барлығы біледі. Бірақ, әлемде өмірін моделдікпен байланыстырғысы келгендердің біреуін танымал қылатын, енді біреуін сән әлемінен мүлдем шеттетін арнайы стандарттар бар. Бұл стандарттар қандай екен?...

Модельдер бойшаң әрі сымбатты болуы шарт. Бұл жұмысқа бойы 170 сантиметрден ұзын, белі 86-88 см болатын қыздар қабылданады. Нағыз бабындағы қыздың бойы 176-180 см болып келеді екен. Мұндай бойға ие бойжеткендер әлемнің кез келген түкпірінде жұмыс істей алады. Ал, бойы 170-175 см қыздардың еуропалық сән әлеміне кіруі қиын болса да, азиялық нарыққа енуіне еш бөгет жоқ. Қыздардағы бойдың ең жоғарғы шегі – 184 см. Одан жоғары болса, модельдер өз карьерасында қиындықтырға тап болады. Сән әлеміне 12-17 жасында келген бойжеткендердің белі 86 см аспауы керек. 20 жасқа келгенде ол 90 см дейін ұлғаюы мүмкін. Бірақ, моделдер үшін осы өлшемнен асырмау міндет деседі.

Модельдер өмірінің қызығы бір бұл емес. Оларға қойылар талаптың жоғарылығы сондай – егер бойларынан 1 см өзгеріс байқалса, айыппұл да салынады екен. Дегенмен, мұндай талаптар сән әлемі қарқынды дамыған Еуропаға қарағанда ТМД кеңістігінде сәл аздау. Бұл аумақта көбіне атақты 90-60-90 заңы жүреді. Бойы 170 см жететін қыз-келіншектер толығымен жарамды саналады.

Әрине, еш жерде қатып қалған заң жоқ. Сән әлемінде де әлдебір артықшылығына орай бойдың қысқалығын немесе дененің толықтығын кешіріп жатады. Оның бәрі тапсырыс берушінің нарықты игеруіне байланысты. Мәселен, тұтынушылар қай стандартқа жақын келетінін кәсіпкерлер нарықта қандай тауарлар сұранысқа ие екендігінен байқап, сарапқа салады. Артынша сол жобадағы моделдер жарнамаланады. Қарапайым адамдардың пішімі моделдерден әлдеқайда алшақ тұрады. Сондықтан, бұл жерде жастардың санасына әлдебір «мінсіз ер мен әйелдің» образын қалыптастыру туралы құпия келісім жоқ. Сән де бизнес. Бұл жердегі жұмыс әр адамның ойындағы арманға негізделеді. Ал армандар қымбат сатылады.

Сән саласында тек әйелдер емес, ерлер де бар. Оларды сұрыптарда да арнайы талаптар бекітілген. Ең қызығы, бұл жерде бұлшық еті аса зор жігіттер қабылданбайды екен. Әсіресе, «биік модада» олар сәл қолапайсыздау көрінетін секілді. Рас, дененің сымбатты болуы жақсы. Бірақ, сөз сән саласына келгенде «супермендер» демала тұрады екен. Оның үстіне, жоғарыда айтқанымыздай қарапайым адамдардың барлығы бірдей «сымбатты» бола бермейді. Алайда, бұл олардың жолы үзілді-кесілді жабылды  деген сөз емес.

Сәнді жүрген жақсы. Әйтсе де, оның өте тез өзгеретінін есте ұстаған жөн. Осыдан он жыл бұрын модельдер 40 размерді стандарт деп тапса, қазір көбінесе 34-36 өлшемдер сұранысқа ие дейді сәнгерлер.

Дайындаған: Мұхаметжан Дінмұхамед

Massaget