- Негізгі бет
- Сән
- Митенка деген не?...
Митенка деген не? Оны немен киеді?
Митенка деген атау алған саусақсыз перчаткалар бүгінде әлемде үлкен танымалдылыққа ие. Алайда, бұл бұйым бірнеше ғасыр бұрын ауыр жұмыс жасайтын адамдардың жұмыс киімі саналатын. Бертін келе дизайнерлер перчатканың бұл түрінің жаңа қырын ашып, сәнқой қыздардың гардеробына енгізді. Бірақ әлі де митенкаларды немен кию керек екенін, жалпы оның қажеттілігін түсінбей жүрген арулар жетерлік.
Митенканың бірнеше түрі болатынын ескеру керек, олар бір-бірінен манжеттің ұзындығына, жасалған матасына қарай ажыратылады. Мысалы, қарапайым перчаткаға ұқсас классикалық тоқылған митенкаларды түсіне сәйкес жылы шарф және бас киіммен үйлестіріп киюге болады. Ал сырт киімнен пальто, мамық күртеше, ішік немесе тоң кисеңіз де болады – мұндай перчаткалар гардеробтың кез келген бұйымына жараса кетеді.
Бірақ қысқы қолғаптардың баламасы миенканы пайдалану мұнымен шектелмейді. Байкерлер мен рокерлер мұндай былғары перчаткаларды міндетті атрибуттарына айналдырған. Мұндай жағдайда оны қысқа былғары немесе джинсы күртешемен кисеңіз болады. Алайда, күртешенің жеңі жіңішке болғаны жақсы.
Неформалдарға ілесе митенкаға сәнқой қыздар да назар аудара бастады. Олар перчатканы кешкі сән көйлектерімен үйлестіріп киюді әдетке айналдырды. Сәнді тенденцияны ескере отыра көп дизайнер өз коллекцияларына митенкалармен көйлектерді енгізді. Көбіне мұндай көйлектер жібек, гипюр, органза, атлас немесе барқыт маталардан тігіледі, сонымен қатар кейбір жағдайларда митенкаларды тігуде тығыз трикотаж пайдаланылады. Кеш, тойларға арналған мұндай перчаткалардың тағы бір нұсқасы бар. Олар страз, маржанды кесте, шілтер немесе аппликациялармен сәнделген қысқа бір түсті митенкалар. Мұны кез келген кешкі көйлектермен үйлестіруге болады, алайда киімнің жеңі мен перчатканың шеті арасында 2-3 см тері көрініп тұруы керек.
Күнделікті өмірде жылдың кез келген мезгілінде митенка қыздар киімінің ерекше, сәнді бұйымы бола алады. Мысалы, күзде манжеті шынтақтың ортасына дейін келетін ұзын перчаткаларды жеңі үш ширекті пальто, плащтармен киюге болады.
Онымен қоса, митенканы іскерлік киімнің бір бөлшегі ретінде пайдалануға болады, бірақ қатаң классикалық түзу жеңді пиджакқа қосымша ретінде ғана. Мұндай жағдайда митенка костюм немесе жейденің түсіне байланысты таңдалады және перчаткалардың сыртынан киілетін білезік немесе қымбат сағат сияқты аксессуарлармен толықтыруға болады.
Жазда жеңіл көйлек пен перчатка киген қызды бұрын кездестіру мүмкін емес еді. Алайда бүгінде мұндай дуэт трендке айналды. Тік сұлбалы және шолақ жеңді трикотаж көйлектермен митенка керемет үйлесім табады. Мұндай жағдайда митенка дәл сондай матадан тігіліп, киімнің жалғасы ретінде қызмет атқарады. Дегенмен, қысқа жұқа селдір митенкаларды жазғы кең көйлектермен де, кең сарафандармен де киюге болады. Мұндай үйлесім бейнеңізге нәзіктік пен зиялылық енгізеді.
Сурет: www.spletnik.ru, soroka.me
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina