Өткен жылдың аяғында, яғни, қараша және желтоқсан айларында ең қызықты деген бәссаудалар өткізілген болатын. Олай дейтін себебіміз, аталған шараларда атағы жер-жаһанға мәшһүр тұлғалардың құпия топтамаларының қатарындағы дүниелер сатылымға шығарылған еді.
Бірінші кезекте, атақты музыкант Дэвид Боуи көзі тірісінде жинақтаған XX ғасырдың ұлы суретшілерінің жүздеген туындылары бәссаудаға салынды. Ол 10-шы және 11-ші қараша күндері Sotheby’s бәссауда үйінің қолдауымен өткізілді. Одан бір апта өткен соң Julien’s Auctions бәссауда үйі Мэрилин Монроның жеке заттарын сатылымға шығарды. Олардың қатарында әшекей бұйымдар, отбасылық фотосуреттер, ыдыс-аяқ, тіпті, күміс экран жұлдызы ауырған кезде дәрігер жазып берген дәрі-дәрмек рецептілері де бар екен. Сондай-ақ, өткен жылы сатылған дүниелер қатарында Британия Корольдік отбасының автокөліктері де болды. Олардың бірі – Диана ханымның кабриолет Audi көлігі болса, екіншісі – Елизавета II патшайымның Bentley автокөлігі. Корольдікке тиесілі дүниелер Silverstone Auctions бәссауда үйінде 12-ші және 13-ші қараша күндері сатылды. 80 жасар актер Ален Делон өзі жинақтаған балауыз мүсіндер топтамасын Париждегі Christie’s үйінде 22-ші қараша күні бәссаудаға салды. Өткен жылдың соңғы бәссаудасы 7 желтоқсанда тағы да сол Christie’s үйінде өткізілді. Онда 60-шы жылдары ең сәнқой бикеш ретінде танылған Бетси Блумингдейлге сол заманның дарынды сәнгері Кристиан Диор дайындаған ғажап көйлектері сатылымға қойылды.