- Негізгі бет
- Сән
- Медиа данышпан Франка...
Медиа данышпан Франка Соццанидің жеке заттары бәссаудаға қойылады
2016 жылдың 22 желтоқсанында дүниеден озған Франка Соццанидің дизайнерлік киімдері бәссаудаға қойылатыны туралы оның ұлы, танымал режиссер әрі фотограф Франческо Карроццини хабарлады.
Сән әлемінде 30 жылға жуық үстемдік еткен өз ісінің маманы ұнатқан көйлектер, сөмкелер, пальто, аяқ киім және өзге де заттар 11 ақпан күні Yoox.com. платформасына шығады. Лоттардың жалпы саны 600-ге жуық. Олардың қатарында Gucci мен Fendi сән үйлерінің винтажды бұйымдары, Giambattista Valli көйлегі, Lanvin пальтосы, Manolo Blahnik туфлиі бар.
Соццанидің өзі көзі тірісінде сырт келбетімен де, жасаған істерімен де "Періште" атанып кеткен болатын. Сол себепті баласы анасының заттарының сатылымынан түскен қаржыны толықтай Бостонда орналасқан Brigham емханасындағы генетикалық аурулармен күресетін қорға жібереді.
Естеріңізге сала кетейік, белгілі филантроп және БҰҰ ерікті елшісі Франка 28 жыл бойы Vogue Italia журналында редакторлық қызмет атқарды. Журналдың тек италия тілінде шығатынына қарамастан, Франка оны ең бәсекеге қабілетті басылымдар қатарына көтеріп, таралымын бірнеше есе арттырды. Сән әлемінің інжілі саналатын бұл журнал әлемнің көптеген елдерінде шығарылады. Conde Nast баспасы шығаратын журналдар ішіндегі Франка бастаған Vogue Italia — ең аты шулы басылым. Себебі, Соццани көпшілік айтуға қорқатын мәселелерді шешуге ат салысты. Расизм, зорлық, пластикалық хирургия, экологиялық апаттар, қазіргі қоғам індеттері – Франка қозғаған мәселелердің бірегейі.
Франканың сіңлісі Мария Иосиф Бродскийдің әйелі болған
Келбеті періштедей пәк те нәзік Франка Соццани тек білікті басшы ғана емес, талай дарынды ашуға түрткі болған. Қазіргі таңда атағы жер жаратын көптеген дизайнер мен фотографтың жолын ашқан нағыз өнер жанашыры еді. Оны көпшілік "Медиа данышпаны" деп те атап кеткен.
Франка 1950 жылы 20 қаңтарда Мантуйе (Италия) дүниеге келген, католик университетінде әдебиет, философия мен неміс филологиясынан дәріс алған. Журналистік мансабын 1976 жылы Vogue Bambini журналында бастап, 1980 жылы Lei журналының редакторы қызметіне көтерілді, араға үш жыл салып — Per Lui аталатын ер адамдарға арналған нұсқасын да басқарды. Соццанидің жетістіктері қатарында ерлікке пара пар шешімдер мен жұмыстар бар.
2016 жылы қыркүйек айында Венеция кинофестивалінде Франканың өміріне арналған "Франка. Хаос пен жасампаздық" (Franca: Chaos and Creation) атты деректі фильмнің көрсетілімі болды. Оның авторы Соццанидің ұлы Франческо Карроззини (Francesco Carrozzini) болатын.
А. Оралқызы