Мартин Маржела – сән әлемінің ең жұмбақ дизайнері. Ол сән апталығында топтамасын жариялағаннан кейін көпшілік алдына шығып бейнесін көрсетпеген. Фотографтар және журналистермен кездеспейді. Барлық сұрақтарға пресс-офис жауап береді. Оны өз отбасы мүшелері мен әріптестері ғана таниды. Ол осы қылығы арқылы сән сүйер қауымға Maison Martin Margiela топтамаларын дизайнер көзқарасы арқылы емес, өзіндік түйсікпен ұғынуды үйретпек.
Оның болашақты болжау және қарқынды даму қабілетіне көз ілеспейді. Сәнгер бірнеше жыл бұрын өзі құрған брендті тастап кеткен. Бұл қылығы fashion-өндірісті таңқалдырмай қоймады. Оның жеке өмірі мен шығармашылығы бұрынғыдан бетер қызықты бола түсіп, құпия сандықтай көпшілікті өзіне тартумен болды.
Алдағы көктем мезгілінде Маржеланың өнеріне табынушылар мен құпияға құмартушылар үшін үлкен шара ұйымдастырылғалы отыр. Наурыз айында Palais Galliera аталатын сән мұражайында Мартин Маржела шығармашылығының барлық кезеңдерін қамтитын ауқымды ретроспектива (өткенге шолу) ашылмақ. WWD хабарлауынша, көрме Palais Galliera мұражайының директоры Оливье Сайяр мырзаның басшылығымен өтеді. Ұйымдастырушылар әлі күнге көрменің қалай өтетіні туралы ақпарат бермеді. Аталмыш шараға дизайнердің өзі қатыса ма, не әдеті салып көлеңкеде қалғанды жөн көреді ме? Оны уақыт көрсетеді.
Мартин Маржела шығармашылығына арналған көрме Париж сән мұражайы ұжымы биылға жоспарлап отырған жалғыз шара емес. Наурызда, сондай-ақ, Антверпен қаласында Margiela экспозициясы ашылады: The Hermès Years. Онда дизайнердің 1997-2003 жылдар аралығында жасалған 12 топтамасы көрсетіледі.