Мереке жақындаған сайын сұлулық салондары клиентке толады. Маникюр саласында қызмет етіп жүрген Эльвира Рахмен де Жаңа жыл қарсаңында, 8 наурыз мерекесіне таман мүлде бос уақыт болмайтынын айтады. Ал жаз айлары болса тынымсыз еңбек етеді. Қол күтіміне қарап, адамның өз-өзіне деген бағасын білуге болады деп жатады. Бұл қаншалықты рас әрі сала туралы өзге де сұрақтарға жауап табу үшін Эльвирамен тілдестік.
"Маникюр жасау – оңай жұмыс емес"
Маникюр саласына келгенге дейін сұлулық салонында қызмет еттім. Макияж, шаш үлгісін жасап жүрдім. Басында маған бұл сала өте оңай көрінді. Бірақ жұмысымды бастаған кезде қателескенімді түсіндім. Тіпті, басында қорқып, бастаған ісімді жалғастырмай қойған сәтім болды. Біраз уақыттан кейін қайта келіп, үйреніп кеттім.
Маникюр жасайтын адамның бойына керек қасиеттің бірі - шыдамдылық. Ол тек өз ісінің шебері ғана емес, психолог болуы керек. Әртүрлі ортадан, әртүрлі тәрбие мен отбасынан адамдар келеді. Оларды тыңдап, сол кісінің тілінде сөйлеу өте маңызды. Клиентке сын айтса, ол кісі қанша жерден шебердің ісін ұнатса да, келесі жолы келмей қалуы мүмкін.
Бұл сала өте табысты. Клиенттерім де жақсы. Бірақ бұл саланы үйренемін деп келгендердің басым бөлігі шын қалауымен келмейді. Көбіне маникюр жасайтындардың табысы жоғары деген сыбысқа сеніп келеді. Содан талпыныс болмайды, ізденіс жоқ. Дегенмен басқа мамандық сияқты бұл да арнайы оқуды, жан-жақты болуды талап етеді. Жыл сайын жаңа нәрсе трендке енеді. Түрлі бояу түрлері, тіпті технология өзгереді. Бояу техникасы да түрленіп отырады. Сол себепті бұл салаға келерден бұрын шынымен табысты болу үшін біраз тер төгу керегін түсініп келсе деймін.
"Маникюр шебері – психолог"
Маникюр дизайны адамның болмысынан хабар береді. Тренд те соған сәйкес қалыптасады. Кейде адамның позициясынан, оның ішкі ойынан хабар береді. Мысалы, биыл Украина туы, оның түстері сәнде болды. Мұның өзі - психология. Бірнеше жыл бойы бір түсті таңдайтын адамдар әдетте барлық жерде сабырлы, өз комфорт зонасынан сирек шығады. Олар бір жерде ұзақ жұмыс істей алады. Ал түрлі түсті, көзге көрінетін дизайн таңдайтын адамдар - әдетте өмірде өзін іздеп жүргендер, шытырманды жақсы көретін, өзгенің сөзінен, ойынан жасқанбайтындар.
Маникюр шебері клиенттің жеке басына өтпеуі тиіс. Тіпті, клиент өз оқиғасын бөліскеннің өзінде, оны кінәлауға болмайды. Одан бөлек, шебер ешқашан клиенттен асып киінбеуі тиіс. Өйткені қазір өз-өзіне сенімсіз адамдар өте көп. Кірген сәттен бастап, "бүгін шашымды жумаған едім, қалай болса, солай киіне салыппын, асығып шықтым" деп ақтала бастайды. Тырнақ жасатқан кезде соның бәрін ұмытып, тынығып шығуы керек. Бұл да бір терапия түрі.
"Тырнақ күтімі маникюр жасаған сәттен емес, оған дейін басталуы тиіс"
Клиенттеріміздің көбі тырнақ жасатпастан бұрын бір күн бұрын көбіне үйді жинастырып жатады. Өйткені, жаңа тырнақпен оны жасау ыңғайсыз әрі сәнін құртқанды жөн көрмейді. Бірақ бұл дұрыс емес. Тырнақ маникюрге келместен бұрын зардап шекпеуі керек. Түрлі химикат қолданады, адамға байқалмайтын микрожырықтар болады. Одан бөлек, жеген тамағы, өмір салты тырнақтың сапасына әсер ететінін ұмытпаған жөн.
Ал маникюрден кейін есте сақтау керек ең басты нәрсе қолды қатты ыстық не суық сумен жууға болмайды. Бәрі бөлме температурасынан аспауы тиіс.
Шебер тек залалсыздандырылған құрылғы қолдана алады. Оны клиент те талап етуге құқылы. Кейде өз құрылғыларымен келетін адамдар бар. Бірақ, ол маникюр шеберінің залалсыздандырғанындай болмайды.
"Кешіккен адаммен келесі жолы жұмыс істемеймін"
Мінсіз клиент - күліп келіп, энергиясымен бар салонды баурап алатын адам. Ол тек жақсы нәрсені бөліседі, маникюр шебері де шаршамайды. Ал мен үшін ең нашар клиент - өз таңдауы жоқ адам. Одан бөлек, кешігіп келетін адамдармен келесі жолы жұмыс істемеймін.
Аллергиясы бар адамдармен жұмыс істемеймін. Маникюрдің қаупі барын да ескеру керек. Қолы мен мойнында қалы бар адамдарға тексерістен соң келуін ұсынамын. Өйткені, басқа бір ауру түрін қоздырып жіберу қаупі бар. Оның үстіне, демалысқа, жағажайға кетіп бара жатқан адамдардың 3 күн бұрын келуін сұраймын. Маникюр кезінде тері зақымдалады. Тіпті өз ісін тиянақты жасайтын адам да оның алдын ала алмайды. Инфекция түсіп, кейін іріңдеп кететін жағдайлар болады.
Кей қыздар бала кезінен тырнағын тістейді. Сондықтан өсе келе оларда тырнағым әдемі емес деген комплекс болады. Мүмкін сәтсіз тәжірибе болды ма, маникюр шебері кемсітіп, күледі немесе сөгеді деген ой болады. Бірақ мен оларға керісінше қысылмай барып, дер кезінде емдеуді, тырнаққа күтім жасап, өзін жақсы көруді ұсынамын.
"Маникюрді тек қыздар жасайды деген түсінік бұрыс"
Маникюр жасататын адамдар арасында ер адамдар да жиі кездеседі. Әрине, олар қыздар секілді түрлі түсті лак таңдамайды. Дегенмен тырнақты қиып, артық өлі етінен тазартады. Мұның өзі сұлулыққа құмарлық, тазалыққа әуес болу жыныс таңдамайтынын білдіреді. Сұлулыққа барлық адамның жаны құмар. Оны көре білу де үлкен өнер.