Түстердің де бір-бірімен үйлесу заңдылықтары бар. Осы заңдылыққа сәйкес сән әлемінде жыл сайын түстер өзгеріп отырса да, ақ пен қара түс өзінің өнімділігін жоғалтпай келеді. Осы түстер өзіне деген жеке талғамды талап етеді. Ал киімді бір түстен кию және үйлестіре отырып кию - екі бөлек дүние. Бұдан өзге жер шарындағы мемлекеттер түстерді түрліше қабылдайтындығын да ескеруіміз қажет. Әсіресе, қара түсті. Сол себепті оны киер кезде ерекше талғам керек. Осы материалымызда қар түсті өзге қандай түстермен үйлестіріп киюге болатындығын талдайтын боламыз.
Қара түсті киімдерді қалай кию керек?
Біреулер қара түс адамның құпиялығын, өмірге деген бей-жай көзқарасын көрсетеді десе, екіншілері оның кез келген адамға жараса кететіндігін айтады. Психологтар да өз кезегінде қоршаған ортасынан тығылып жүргенді қалайтын адамдар киетіндігін жасырмайды. Осы айтылған әрбір пікір шындыққа жанасатындықтан, ең алдымен оны қолданудағы тепе-теңдікті білуіміз керек. Мысалы, үстіңіздегі барлық киімнің түсі қара болсын десеңіз, олардың матасының қалыңдығы әртүрлі болуы тиіс. Әдетте денеге тура тұратын қара түсті киімдер әдемі көрінеді. Ал кең пішінде тігілгендері сырт көзге ұсқынсыз келеді. Мұнымен қатар, қара түсті киімдерге ашық түсті аксессуарлар, әшекей бұйымдар жарасады. Акссесуарлардың түсі басты рөлде екендігін де ұмытпаңыз. Сонымен қара түсті өзге қандай түстермен үйлестіріп киюге болатындығын талдайық.
Мәңгілік классика: ақ пен қара түстің үйлесімі
Қара түсті елестеткенімізде ойымызға ақ түс оралады. Бұл дуэт ұзақ жылдардан бері жалғасын тауып келеді және сән әлемінде мәңгілік өмір сүреді.
Сезім мен құштарлық: қара мен қызыл түстің үйлесімі
Махаббат дегенде ойымызға қызыл түсті жүрекше оралатындықтан, қызыл мен қара түстің үйлесуі осының белгісі. Яғни, құштарлық пен лаулаған сезімнің символы. Осы екі түсті үйлестіріп кию арқылы көпшіліктің назарына ілігуге болады.
Салтанат пен нәзіктік: қара мен күлгін түстің үйлесімі
Қара түсті күлгін түспен үйлестіріп киетін қыздар нәзік кішкентай қыздың образына енеді. Сол себепті осылайша киініп нәзіктік пен кербездікті қатар алып жүруге болады. Мысалы, қара көйлек пен күлгін күртеше, керісінше қара пальто мен күлгін көйлек.
Салтанат пен жарқырау: қара мен сары түстің үйлесімі
Бұл екі түсті үйлестіріп киетін адамдарды көп кездестіруге болады. Осы екі түс шығармашылықтың адамы екендігін көрсетіп, бірден көздің жауын алады. Қара мен сары түсті үйлестірушілер өз жасынан әлдеқайда жас көрінетіндігін де ескергеніміз жөн.
Сиқыр мен жастық шақ: қара мен қызғылт сары түстің үйлесімі
Қара түсті күздің жылылығын танытатын қызғылт сары түсті киіммен киюге болады.
Қарапайымдылық пен шаттық: қара мен көк түстің үйлесімі
Бұл екі түстің үйлесімін күнделікті тұрмыста әрі іскерлік кездесулерде пайдалануға болады. Көк пен қара түс ерекше әдемілік сыйлап, кез келген адамның есінде қалуға мүмкіндік береді.
Кербездік пен нәзіктік: қара мен сарғыш түстің үйлесімі
Сарғыш - қарамен жақсы үйлесетін түстердің бірі. Сырт көзге көп ілікпесе де, жанға жайлылық сыйлайды. Бұл түстер бір-бірін толықтырып отырады. Сарғыш көйлек пен қара акссесуарларды таққан жарасады.
Бірегейлік пен мінсіздік: қара мен жасыл түстің үйлесімі
Қара түс кез келген түспен үйлесе кетеді. Алайда қара мен жасыл түстің үйлесуі - ерекше жағдай. Ол үшін жасыл түстің барлық түстерін пайдалануға болады. Мұнымен қатар, қара түсті киімдерді жасыл түсті акссесуарлармен толықтыруға болады.
Романтика мен құпия: қара түс пен табиғат
Қара түсті фон ретінде пайдаланып, үстіне түрлі-түсті гүлдерді орналастыруға болады. Нағыз қазіргі сәнге арналған.
Жоғарыда аталғандардан өзге қара түс алтын, күміс, ақшыл көк, көк сия, т.б. түстермен жақсы үйлеседі. Өзінің әмбебаптылығының арқасында дүкендерде жылдам сатылады. Жануарлардың суреті бейнеленген түрлері де бар. Атақты дизайнерлер қара түсті киімдердің өзін ғана немесе сүйікті түсіңізбен үйлестіріп киюге болатындығын айтады. Мұнымен қатар, дене бітімін жинақы етіп көрсетудің таптырмас құралы.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: lookbookstore.ru