Әтір - адамның талғамы мен темпераментін көрсете алатын ерекше дүние. Ол арқылы алғаш кездескен адамыңыздың кім екенін ұғынуға болады. Ендеше, солардың ең танымал түрлерін, яғни, ХХ ғасырдың жұпар аңқыған сыйларын зерделеп көрелік.
Chanel № 5
Шығарылған жылы: 1921
Парфюмер: Эрнест Бо
Тобы: Гүлді альдегидті
Жарнамалаушы: Жизель Бюндхен (Катрин Денев, Николь Кидман, Одри Тоту және т.б.)
Коко Шанельдің тапсырысы бойынша белгілі парфюмер арнайы 10 композиция жасап шығарған. Коко нағыз әйел иісінің үлгісі болардай әтір таңдау жолында қателеспеді. Ол 10 үлгінің ішінен бесіншісін таңдаған болатын. Шанель әтірді төртбұрышты құтыға құйғызып, қарапайым декормен көркемдеді. Себебі, Коко Шанельдің ұстанымы осы болатын. Осылайша Коко тағы да жаңашыл революционер ретінде танылды. Бұл жолы ол парфюмерия шыңын бағындырды. Ал, сол заманның ең атақты күміс экран жұлдызы Мэрилин Монроның айтқан сөзі әтірдің жарнамалық ұранына айналып кетті.
Бір күні журналистің "Сіз не кигенді ұнатасыз?"- деген сұрағына Монро: "Chanel № 5 әтірінің бірнеше тамшысын ғана", - деп жауап берген екен.
Shalimar, Guerlain
Шығарылған жылы: 1925 (1921 жылы ойлап тапқан)
Парфюмер: Жак Герлен
Тобы: Шығыстық гүлдер
Жарнамалаушы: Наталья Водянова
Парфюм атауы Шалимар ("Махаббат бағы") бағының құрметіне қойылған. Үндістанның билеушісі Шах-Джахан сүйікті жары бақилық болғаннан кейін Тәж Махалда "Махаббат бағын" өсіруге тапсырма берген.
Shalimar — классикалық шығыстық сарындағы алғашқы жұпарлардың бірі. Ол, сондай-ақ, парфюмерия әлемінің нағыз классикасына айналған. Шыны құты әтірдің визитті картасындай болып кетті. Бұл жұпардың ерекшелігі мынада: оны сепкен әйел адамдар екіге бөлінеді. Бірі "Міне, нағыз әтір!" – деп өмір бойы соны қолдануға бел буса, енді бірі әтір иісін ұғына алмай-ақ кетеді екен. Өзінің тым айрықша иісінің арқасында Shalimar бірнеше рет кітаптар мен фильмдерде аталған. Ол көбіне нағыз әйелді өзгеден ажыратып тұратын алғашқы белгі ретінде көрсетіледі.
Miss Dior
Шығарылған жылы: 1947
Парфюмер: Поль Ваше
Тобы: Шипрлі гүлді
Жарнамалаушы: Натали Портман (Лили Дональдсон, Марина Линчук)
Christian Dior сән үйінің алғашқы әтірлері оның бірінші киім топтамасымен бірге көрсетілді. Олар бірден сұлулықтан ғана жаралған әлемнің белгісіндей әсер қалдырды. Композицияны ойлап табуға бар болғаны 2 ай уақыт кеткен. Оның қазіргі карамельді попкорн иісі бұрқыраған түрі ең алғашқы нұсқасынан әлдеқайда өзге. Miss Dior 1947 жылы Монтень авенюда ұсынылған бірінші үлгісінен бастап әлі күнге дейін "нәзіктіктің көзге көрінбейтін аурасы" деген атақты нық ұстап келеді.
Climat, Lancôme
Шығарылған жылы: 1967
Парфюмер: Жерар Гоупи
Тобы: Гүлді альдегидті
Climat, Lancоme – бірден ғасыр символына айналған әтір. Climat, Lancоme – өз-өзіне сенімді, ақылына көркі сай әйелдің сұлулығын “жырлайтын” ақын-әтір. Оның иісін бір сезген адам оны өмір бойы ұмытпайды деп жатады. Соңғы кездері Lancоme компаниясы парфюмнің жаңарған нұсқаларын шығарып жүр. Өйткені, оның ең алғашқы үлгісі құрамының құпиясын парфюмер ешкімге ашпай кеткен болатын.
Opium, Yves Saint Laurent
Шығарылған жылы: 1977
Парфюмер: Жан Амик және Жан-Луи Сьезак
Тобы: Шығыстық дәмді
Жарнамалаушы: Эди Кэмпбелл (Софи Даль)
"Опиум" — Yves Saint Laurent өнерінің табынушыларына арналған әтір. Ең алдымен, жұртшылықты әтір иісінен бұрын оның атауы таңқалдырды. Бұл онсыз да атақты дизайнерді бұрынғыдан бетер белгілі ете түсті.
Әтірдің белгілі болуына Дэвид Линч те өз үлесін қосты. Маэстро 1992 және 1999 жылдары Opium әтірінің жарнамалық видеоролигін түсірді.