Бүгінгі қоғамда қыздардың бәрі әдемі. Әдемі емесі жоқ. Құпиясы неде? Өйткені біреуге жақсы, біреуге ерсі көрінетін макияж ұғымының пайда болғанын бәріміз білеміз. Француз тілінен аударғанда "макияж" сөзі "өзгеру, жақсару" деген мағынаны білдіреді екен. Бұл беттің әдемі тұстарын айқындап, кемшіліктерін жасырып, ажарға ажар қосуға көмектесетін құбылыс. Макияждың өзі бірнеше түрге жіктеледі. Олар: жеңіл макияж, күнделікті макияж, кешкі макияж, той макияжы, тағы да өзге түрлері бар. Сауатты әрі жоғары талғаммен жасалған макияж беттің әдемі тұстарын көзге түсетіндей ерекшелеп, табиғи әсемдігін айқындап, сау, әрі тартымды болуға мүмкіндік береді. Алайда сұлу болғым келеді деп асыра сілтеудің қажеті жоқ. Сән әлемінде макияждың нақты екі мерзімі болады. Олар: күндізгі және кешкі. Күндізгі макияжды бетке күннің сәулесі түсетіндей терезенің алдында, ал кешкі макияж шам жарығының алдында жасалғаны абзал. Сонымен макияж жасаудың қыр-сырына қанық болыңыз.
Бет пен мұрын. Бет әсемдеудегі ұстанатын ең бірінші қағида – мұқият тазартылған тері, яғни бетті шаң-тозаңнан тазалап алу керек. Содан кейін опа жағуды бастаймыз. Мұрынға немесе алға шығып тұратын иекке опаның қалың қабатын жағуға болмайды. Себебі, жасыруға тиіс тұстары бірден көзге түсіп, жағымсыз әсер қалдыруы мүмкін. Мұндай иекке алдымен терінің табиғи түсімен сәйкес келетін опаны жағамыз. Содан кейін екі жақ қырына неғұрлым күңгірттеу түстісін қылқаламмен жеңіл жүргізе отырып, ең соңында ашық түспен толықтай қамтып опа жағамыз. Нәтижесінде, иек пішіні сырт көзге кішірейіп, бетің нәзік болып көрінеді. Мұрынның ұшына білінер-білінбес етіп қабақ бояуын (тени) жағатын болсақ, мұрынның ұзындығы білінбей қалады. Қысқа мұрынның ұшына ақшыл бояу жақсақ, оның мөлшері бет-пішініне қарай икемделеді. Жалпақтау мұрынның екі жағына күңгірт қас бояуын жағатын болсақ, мұрын жіңішке болып көрінеді.
Қас. Адамның бет ажарындағы ең әдемі көріністі қас береді. Қас бояуының түсі шаш бояуымен бірдей болғаны жөн. Қасты бояғанда, оның терісіне тигізбей, қылдарын жабу керек. Бояу қастың бойымен қылы жоқ жерге дейін созылады. Оны арнайы косметикалық құралдар арқылы жүзеге асыруға болады. Жиегі төмен түсіп тұратын, қою қалың қара қас адамды қатал әрі кәрі етіп көрсетеді.
Ерін. Өте нәзік, сезімтал әрі жұқа мүше. Ерін бояуын өте мұқият таңдаған жөн. Сапасыз косметиканың әсерінен ерін қабыршақтанып, жарылып кетуі ғажап емес. Бетке жағылатын опаны түсіне қарай ерін бояуын да сәйкестікпен таңдайды. Жүзіңіз аққұба болса, ашық түсті далаптарды аса көп пайдаланбаған жөн. Керісінше, қоюлау түстерді жақсаңыз, ерініңіздің анық көрінісін байқай аласыз. Қараторы келген адам болсаңыз тым қою, күлгін, қып-қызыл түстерден аулақ болғаныңыз дұрыс. Түрлі-түсті помаданы жақпас бұрын, әуелі гигиеналық помаданы жаққаныңыз артық етпейді.
Көз. Көздің тартымды көрінуі үшін кірпікке арналған тушь, жиегін айқындағыш және қабақ бояуын дұрыс таңдау керек. Қабағың түсіңкі, көзге қарай салбырап тұрса, оның жиегіне қарындаш жүргізудің қажеті шамалы. Көздің маңайына ақшыл түсті, ал қас бөлігіне күңгірт түсті бояу жақсаң жеткілікті. Кішкентай көзді үлкейтіп көрсету үшін қабақтың үстіне ақшыл түсті бояу жағу керек. Кірпіктерді өте қалың және жиі бояудың қажеті жоқ. Көз формасы дөңгелек болса, оның сырт жақ бұрышын күлгіндеу түспен бояп, кірпік бояуының щеткасымен көздің сырт жағына, кері қайтара бояған ұтымды.