Лофер аяқ киімінің түрлері

Лофер аяқ киімінің түрлері
Фото: etsy.com

Лофер аяқ киімдері ең алғаш ерлерге арнап тігілген. Кейін қазіргі жейделер секілді ерлер гардеробынан қыздар киіміне де өтті. Бұл аяқ киімді нәзік жандылар киген соң, кеңінен таныла бастады. Сән әлеміне енгеніне біраз болған бұл аяқ киім бүгін де мәртебесін жоғалтқан емес. Қазіргі сәнқойлар лоферді классика мен нәзіктіктің үндестігі деп атайды. Себебі, бүгінгі таңда оның түр-түрі кездеседі.

Лофер деген не?

Лофер – классикалық стильдің «өкілі», өткен ғасырдың 60-жылдары ең алғаш рет Gucci сән үйінің айнасына айналған. Бұл туфли екіге бөлінеді, бірі – tassel loafers, аяқ киімнің алдында былғары салпыншағы бар, ал екіншісі - пенни-лофер, аяқ киімнің алдында былғары қиық жабыстырылған. Олар мокасиндерге қатты ұқсайды, лофердің мокасиннен айырмашығы – өкшесі бар және табаны қатты.

Салпыншақты лофер

Пенни-лофер

Олар стандарт түске негізделмеген: біртұтас қара түстен леопард түстес түрлері кездеседі. Таза былғарыдан тігіледі, лакталған, күдеріден, тіпті леопард, қолтырауын терісінен тігіледі.

Лофердің табаны қандай?

Лофердің түрлі түске ие болатыны секілді оның әртүрлі нұсқалары да бар. Аласа, биік, танкетка тәрізді түрлері кездеседі.

Қалың палтформалы табан

Мұндай лоферлер бір қарағанда көзге әбес көрінеді және классикалық нәзіктікпен үйлеспейді. Егер оны киімдермен үйлестіріп кисе, әдемі әрі классикалық үлгі пайда болады. Қалың платформалы лофермен жұқа киім кисе, көзге дөрекі көрінетін тұсы білінбейтін болады. Шифон көйлектермен, қысқа шортылармен, етегі бос тұратын футболкалармен үйлеседі. Дене бітімі сымбатты қыздарға жарасады, аяқ киімнің ауырлығына уақыт өте үйренуге болады.

Өкшелі

Қыздардың арасында өкшелі лофер киетіндер жиі кездеседі. Олар аяқта тым әдемі көрінеді. Бастапқыда оның өкшесі өте қалың болатын, кейін өкшесі де «жұқарды».  Бұл үлгінің күдері, лакталған  түрі көзге ерекше көрінеді, сонымен қатар, дене бітімі арық және толық қыздарға да жарасады. Денеге сымбаттылық сыйлайды.

Танкетка

Өкшелі лоферлерге қарағанда танкетка үлгісіндегі лоферлер ыңғайлы. Аласа бойлы қыздарды ұзын ғып көрсетеді, оған қоса бұл үлгі барлық киіммен үйлеседі. Аяқтары тым арық қыздарға бұл үлгі жараспайды, себебі аяқтарын тым әсірелеп жібереді. Бұл үлгіні таңдағанда танкетканың биіктігіне де назар аудару керек.

«Трактор» табан

Бір қарағанда бұл үлгі көзге түрпідей көрінуі мүмкін, егер киімді дұрыс таңдаса, еш әбестігі жоқ. Жұқа әрі нәзік түсті киімдермен үйлестіріп кисе, жарасып-ақ кетеді. Серуенге не киноға барғанда киюге жарайды деп ойласаңыз, қателесесіз. Ашық түсті көйлектермен кисе, мерекелік кештерге де киюге болады. Мысалы, сүйретпе етекті (шлейф) шифон көйлектермен әдемі тұрады. Күнделікті өмірде джинс шортыларымен, туникамен, қысқа және трапеция етектермен, классикалық пенжактармен киюге болады. Сымбатты қыздардың ажарын ашып тұрады. Ал толық денелі қыздар бұл үлгіні таңдауда аяғын тартыңқырау керек.

Мокасин-лоферлер

Бұл үлгі лофердің басқа үлгілеріне қарағанда ыңғайлы. Кэжуал, офистік үлгілерімен де жарастырып киюге болады. Кең балақты және тар джинстармен, трикотаж белдемшемен, көйлекпен, классикалық пенжакпен, джинс шортымен, қысқа балақты джинстармен әдемі жарасады.

Г. Берік