Лофер аяқ киімі өткен ғасырда ерлерден әйел гардеробына көшіп келді. Қазір аяқ киімнің бұл түрі — басты сәнді трендтердің бірі. Лофердің артықшылығы — ол әмбебап аяқ киім. Ол кез келген киім үлгісімен жараса кетеді. Сәнқойлардың бірі лофер аяқ киімін классикалық шалбармен және тоқылған жилетпен үйлестірсе, кей қыздар оны леггинсы және ұзын шұлықпен киеді. Алайда лофермен киім үлгісін жасауда жіберілетін қателіктер бар.
1-қателік. Лоферді қалың спорттық шұлықпен кию
Қазір кең тараған сәнді үйлесімнің бірі — лоферді шұлықпен және тренчпен кию. Бұл үйлесімге джинс шалбар, қысқа белдемше немесе қысқартылған шалбар қолдануға болады. Киім үлгісі барынша ұтымды шығу үшін аяққа жабысып тұратын жұқа шұлық таңдаған жөн. Қалың спорттық шұлық лофер аяқ киімімен әдемі көрінбейді.
2-қателік: Джинс шалбарының лофердің сыртында тұруы
Джинс шалбарының ұзындығы секілді ұсақ детальдің өзі киім үлгісіне әсер етеді. Тік шалбарлар аяқ киімді жауып, бүгіліп тұруы мүмкін. Ол үйлесімсіз көрінеді. Сондықтан қысқартылған джинс шалбарын таңдаңыз немесе лофер көрініп тұруы үшін шалбардың балағын әдемі етіп қайырып қойыңыз.
3-қателік: Дөрекі лоферді леггинсымен кию
Дөрекі лоферді леггинсымен үйлестірсеңіз, ол визуалды түрде аяқты қысқа етіп көрсетеді. Сондықтан мұндай лоферді кең тұратын шалбармен киген дұрыс.
4-қателік: Өкшесі биік лоферді кюлот шалбармен кию
2021 жылы өкшесі биік лоферлер сәнге айналды. Мұндай лоферлер қысқа белдемше немесе көйлектермен әдемі көрінеді. Сол кезде визуалды түрде аяқ ұзын көрінеді. Ал оны кюлот шалбармен үйлестірсеңіз, керісінше, бойыңыз қысқа көрінеді.