Кюлот шалбары бірнеше маусым қатарынан танымал болып келеді. Мұндай кең балақты қысқартылған шалбар гардеробтың базалық киіміне айнала алады. Шалбардың бұл түрімен іскерлік, романтикалық және casual киім үлгісін жасауға болады. Әйел киімін сататын дүкендер кюлоттың кез келген талғамға сай келетін түрін ұсынады: былғары, джинс, зығыр, мақта және трикотаж кюлоттар. Сондай-ақ оның біртүсті немесе принті бар (мысалы, торлы) түрін таңдай аласыз.
Кюлот кімдерге жарасады? Кюлот бәріне жарасады, бірақ дұрыс пропорция жасай білу маңызды. Бойы ұзын және денесі сымбатты қыздар оны еш шектеусіз кие алады. Ал бойы қысқа және толық қыздар кюлотты киерде кей ережелерді сақтау керек. Бұл кезде кюлотты тақасы бар аяқ киіммен немесе белді айқындау арқылы кию ұсынылады.
Егер джинс шалбарын кигенді ұнатсаңыз, бірақ оның классикалық түрінен жалықсаңыз, джинс кюлот алуға болады. Мұндай кюлоттың белі жоғары тұратын, сан жағы сәл жабысып, ары қарай балағы кең келетін түріне мән беріңіз. Мұндай джинс кюлот дене пішінін айқындайды, сондай-ақ оны кигенде өзіңізді жайлы сезінесіз. Мысалы, джинс кюлотты ақшыл футболкамен және лофер аяқ киімімен үйлестіріп, сыртыңыздан тренч немесе былғары күртке киіп алуға болады. Бұл – көктемге арналған стильді үйлесім.
Ал жаз маусымына ақшыл кюлот таңдауға болады. Мысалы: сарғыш түсті зығырдан не мақтадан тігілген балағында кішкене ғана қайырмасы бар кюлот шалбар. Қазір total look стилінде, яғни тұтас біртүсті киіну – сәнде. Сондықтан сарғыш не ақшыл түсті киімдерді бір-бірлерімен үйлестіруге болады. Олардың дәл бір түсте болуы міндетті емес, тек бір-бірлеріне жақын реңктер болса жеткілікті.
Кеңсе жұмысына торлы кюлот алуға болады. Оны жейделермен үйлестіре аласыз.
Кюлотты қандай аяқ киіммен киюге болады? Суық мерзімге шұлық-ботильон, челси бәтеңкесі және дөрекі етіктер келеді. Ал көктем-жаз мерзімінде оны кроссовка немесе кеды (ақ түсін таңдаған жөн), лофер, мюли немесе тақасы бар туфлилермен киюге болады.