Қыздың көзі - қызылда

Әйел затының көбісі таңертең жұмысқа барар алдында аузы-мұрнынан шығып, қайысқан шкафтың ішінен бірде-бір іліп алар киім таба алмай ренжіп жататыны ешкімге құпия емес.

Неліктен?

Мұны халқымыздың «Қыздың көзі - қызылда» деген мәтелімен түсіндіріп көрейік.

Бірінші себеп — қызылға құмарлық, яғни, бұл киім қажет пе, қажет емес пе, бәрібір, дүкендегі маникенде тұрғанда не біреулер киіп көріп жатқанда ұнап қалады. Өзіне жарасатын-жараспайтынын ұзақ сараламастан, сатып алады. Үйге әкеліп айнаның алдында киіп көрсеңіз, әлбетте ұнамай қалады. Сондықтан алдын ала пішініңіздің қай типке жататынын, шамамен қандай фасон, қандай түс жарасатынын білгеніңіз жөн.

Екінші себеп — болашақта өлшемім өзгеруі мүмкін деген соқыр үміт. Сән күнде өзгеріп жатса да, толықша келгендер арықтаған кезде, арықтар толысқан кезде (әйтеуір бір кездері) киюді жоспарлайды. Неге екені белгісіз жоспар орындалмайды, киім шкафтың түбінде жата береді. Сол себепті бүгінгі күнгі өлшеміңіздегі киімдерді алғаныңыз абзал.

Үшінші себеп — жеңілдіктер. Дүкендердегі жеңілдіктер көптеген арулардың басын айналдырады. Азық-түлік алуға шығып, оның орнына киімдермен жиі қайтып келетініңізді мойындаңыз. Сапалы, әйгілі брендке жататын затыңыздың болғаны жақсы-ақ. Дегенмен сол брендтердің жарнамасымен айналыспайтыныңызды да ұмытпаңыз.

Төртінші себеп — психологиялық ашкөздік. Бала күнінен бері кез келген тілегі орындалып үйреніп қалғандар мен керісінше, тілегі орындалмағандар. Бойжетіп, өз қолы өз аузына жеткенде неге сатып алмасқа деп ойлайтындар. Алайда көңілдегі олқылықты дүкенді түгел көшіріп әкелсеңіз де толтыра алмайсыз, сондықтан өткенге салауат айтыңыз. Әр нәрсенің қайыры бар екенін естен шығармаңыз.

Сондай-ақ кейбір қыз-келіншектер біреумен ренжісіп қалғанда көңіл-күйін көтеру үшін де дүкен аралайды. Мұндай сәттерде де сатып алған затыңыздың қажеттілігі бар-жоғын түйсіне алмай қалуыңыз ықтимал.

Қазір бақытымызға орай, бір кездегідей киім қат заман емес. Бүгінгі күні тек жоғары талғаммен, стильді түрде киініп үйрену керек. Өйткені үйдің іші затпен толып тұрса, кісінің еңсесін басып, энергияны ауырлатады. Өзіңізге қонымды, жарасатын киімдерді ғана қалдырып, басқаларынан арылғаныңыз жөн.

Жалпы дүкенге аттанар алдында қолыңызда тізім (алдын ала талданған) болғаны құба-құп. Бұл сізді қаржыңызды бекер шығындамауға көмектеседі.

Сәттілік тілейміз!

Сурет: Асхат Қазиев

Ұқсас жазба:

Кемшіліктеріңізді жетістікке айналдырыңыз #2