Қыздарға арналған қолғап түрлері

Қыздарға арналған қолғап түрлері

Күз аяқталуы жақын. Күзде ғана емес, ызғарлы қыста да бейнеңіздің ажырамас бөлігі болатын сәнді әрі жылы қолғаптың қыздарға арналған түрі әдетте әдемі безендіріледі. Стильді құп көретін сәнді сұлулар үшін қолғаптың түр-түрі шыққан. Біз осы орайда қолғап таңдауда қажеті тиер деген үмітпен қыздарға арналған қолғаптың кейбір түрлерімен танысып өтуді жөн көрдік. 

  Классикалық қолғап таңдағанда, оның күдері немесе табиғи былғарыдан тігілгеніне мән беруіміз керек. Бұл қолғап жылы әрі тоқылған қолғапқа қарағанда су өткізбейді. Жасанды былғарыдан тігілген қолғапты бағасы арзан деп сатып алудан аулақ болыңыз, өйткені, бұл қолғап аязда қатып қалып, сенімді қорғаушыңыз бола алмайды. Көп арудың таңдауы классикалық қолғапқа түсіп жатады. Өйткені бұл қолғап – әмбебап.  
  Трикотажды қолғап өте жұмсақ, жылы болғанымен, ылғалға төтеп бере алмайды. Былғары қолғапқа  қарағанда бағасы да арзандау келеді. Бұл қолғапты басқа да қолғаптар сияқты бас киім мен шарфтың түсіне қарап таңдаған жөн. Десе де, көбіне мұндай қолғап қиқымды өзіне жинап алып жатады. Оның үстіне ескіре келе ұсақ жүндері түсіп, киген киімге жабысып қалады. Бұл жайтты қолғаптың кемшілігі деуге болады. 
  Mitaines, яғни саусағы ашық тоқылған қолғаптың білегі ұзын да, қысқа да түрлері бар. Өте стильді аксессуар жастарға арналған. Десе де, жылулығынан сұлулығы басым қолғап. Бұл қолғапты қолдан тоқып алуға болады. Көбіне спортпен айналысатын қыздардың таңдауы болса да, бейнесіне ерекшелік іздеген арулар үшін таптырмас бұйым бола алмақ. Басында mitaines суық күндері далада жұмыс істейтіндерге арналып шығарылған екен. 
  Қылышын сүйретіп қыс келді дегенше, тауға шығып демалу мезгілі басталды дегейсің. Келе жатқан суық мезгілде көп адам спорттық ойындар ойнап, демалып, қысты көңілді өткізуге тырысады. Дәл осындай күндер үшін "демалыс қолғабы" тігілген. Қолғап жылылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, үстіңізге киген еркін киіммен де жақсы жарасады. 
  Қазіргі дамыған заманда сенсорлы экранға арналған қолғапсыз өмір сүру кейбір адамдар үшін мүмкін емес. Қолғап арнайы матадан тігіледі. Оны өзіңіз тігу үшін металдандырылған жіп (люрекс) сатып алып, қолғабыңыздың саусағына осы жіпті тігесіз. Сондай-ақ былғарыдан тігілген сенсорлы қолғап та бар. Сенсорлы экранға арналған қолғаптың келбеті қарапайым қолғаптардан еш ерекшеленбейді. 

Сурет: ©massaget.kz, sniker.ua, vk.com

Басты сурет: ©massaget.kz

М. Оңғарова