Қыздар пиджагының маусым сайын реңктері мен пішіндері өзгеріп тұратыны болмаса, әрдайым сәнде. Бұл бұйымды тек офиске ғана емес, серуенге де, дүкен аралауға да, тіпті жиын-кештерге де киюге болады, тек өзге киімдермен үйлестіре алсаңыз болғаны.
Пиджакты немен киемін: түстер гаммасы
Пиджакпен үйлестіретін киімді пиджагыңыздың түсіне байланысты таңдаған жөн. Классикалық қара пиджак сол түстес жинақы іскерлік белдемше, не шалбармен, сонымен қатар ашық түсті блузка немесе жейдемен жарасымды көрінеді. Алайда егер сіз еркін стильде киінгіңіз келсе, мұндай киімді ақ шалбар немесе қою көк джинсамен үйлестірген дұрыс болады.
Мұндай жағдайда таңдаған шалбарыңыздың пішіні түзу, не боламаса төменге қарай тарылған болып келуі маңызды. Қара пиджакты ашық кең шалбарлармен немесе “банан” пішінді бұйымдармен үйлестіруге тыйым салынады.
Ақ пиджакты кездесу, серуен, жиын-кештерге, мерекелерге кию орынды. Мұндай бұйымдар ашық түсті джинсалармен жақсы үйлеседі. Олардың қошқыл реңкті шалбар немесе белдемшелермен үйлесімі де ұтымды көрінеді, әсіресе егер сырт көзге жамбасыңызды арықтатып көрсеткіңіз келсе.
Сары, қызыл, көк сияқты ашық түсті пиджактарды байсалды реңкті, өрнексіз киімдермен үйлестірген жөн. Бәсең түсті бұйымдарды, керісінше, жарқын аксессуарлармен араластыруға болады, мысалы, танамоншақ, алқа, моншақ, немесе қарапайым өрнектері бар (клетка немесе жолақ) киімдермен үйлестіру құпталады.
Пиджактың пішініне байланысты киім таңдау
Үйлестіретін киімді таңдағанда бұйымның пішінін де ескеру керек. Ұзартылып тігілген пиджак немесе жакет пішініңіздің кемшіліктерін жасырып, артықшылықтарын айқындап тұратын қасиетке ие. Оларды түзу немесе тарылған үлгідегі шалбарлармен үйлестірген жөн, сонымен қатар орташа ұзындықтағы белдемшемен. Мұндай бұйымды мини және макси белдемшелермен үйлестіру аса құпталмайды.
Күнделікті өмірде ұзартылған пиджакты сарафан немесе көйлекпен үйлестіруге болады.
Қысқа қынама бел пиджактар төменге қарай бүрмеленіп келетін белдемше не көйлектермен әдемі көрінеді. Оған қоса, оларды қысқа белдемшемен және қонымды шалбармен үйлестіруге болады. Мұндай бұйымдар әсіресе фигурасы тартымды қыздарға жарасады. Назар аударыңыз: пиджактың төменгі жиегі пішініңіздің қай тұсын айқындағыңыз келеді, сол жерде орналасқаны жөн. Бұл нұсқа қыпша белді қыздарға жақсы жарасады. Алайда есіңізде болсын, тым кең шалбар немесе белдемше бұл бұйымның артықшылықтарын көрсете алмауы мүмкін.
Иық, қол мен кеудені ғана жауып тұратын болеро сынды өте қысқа пиджактар кешкі көйлектерді толықтырып тұра алады. Оларды көйлекпен, сонымен қатар блузка және шалбармен киюге болады, бірақ бір ескере кететін жайт, бұл екі элемент бір түсті гаммада болуы қажет.
Сурет: proboty.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина