«Қыстың қамын жаз ойла» деген қазақтың мақалын әлемдік дизайнерлер берік ұстанатын сияқты. Себебі қыстық киімдерге арналған сән үлгілері подиумда салтанат құрып үлгерді. Шынында да бұл дұрыс секілді: еліміздің ұлан-байтақ аумағында ауа райы әртүрлі. Оңтүстігінде әлі ыстық болса, солтүстігі мен шығысында мезгіл-мезгіл күн суытып, ызғар қабақ танытып қояды. Дәл осындай өтпелі кезеңде 2016 жылдың трендтері: теріден жасалған бөкебай, снуд, жаға қажет-ақ. Өйткені тон киюге әлі ерте, ал өңменіңізден өткен күзгі суықтан осындай қалың аксессуарлар жақсы қорғайды.
Теріден тігілген аксессуарды тек кешкі шараларға емес, күнделікті киюге де болады. Сондықтан той көйлектердің сыртынан боялған теріні ілсеңіз, сол кештің гүлі болатыныңыз сөзсіз. Боялған терілерді Gucci, Sportmax тәрізді компаниялар тігеді. Ал консерваторлар табиғи түстілерін қалайтын болар, тек өзіңіздің дене бітіміңізге сай келетінін таңдасаңыз болғаны.
Тері аксессуарлар, әсіресе, «алмұрт», «құмсағат», «банан» пішінді қыз келіншектердің ажарын аша түседі. Тері жағаны иығына жайып салу немесе көлемі снуд тағу «алмұрт» дене бітімін әдемі етіп көрсетсе, «құмсағат» пен «бананға» кез келгені жарасады. Ал «алма» пішінді аруымызға қысқа жағаны не шағын снудты таққан жарасымды. Дене бітімі төңкерілген үшбұрыш сынды бикештердің тері аксессуарларының жіңішкелеу түрін қолданғаны дұрыс.
Толықша келген қыз-келіншектер ұзын бөкебайдың бір жағын кәдімгі жаға тәрізді қыстырып, екінші жағын ұзына бойына салбыратып қоя беру арқылы денесін жіңішке етіп көрсетеді.
Сәндегі батылдықты жаны сүйетіндер тері аксессуармен жібек орамалдарды араластырып таға алады. Немесе әдеттегідей жакеттің, плащтің, пальтоның жағасының сыртынан емес, ішінен киіп жұртты елең еткізе алады.
Дресс-код қатаң сақталмайтын кеңселерде әлі жылу берілмеген кездерде мұндай аксессуарлар өте тиімді-ақ.
Егер табиғи теріні қалтаңыз көтермесе, Just Cavali, Topshop Unique, Junya Watanabe тіккен жасанды түрлері де өте сәнді екенін ұмытпаңыз.