- Негізгі бет
- Сән
- Қысқы сән: Свитшот...
Қысқы сән: Свитшот
Бұрын тек спорттық костюмнің бір бөлігі болып табылатын мақта матасынан тігілген свитшоттар - қазір сән әлемінің ең танымал киім үлгілерінің бірі. Белгілі дизайнерлердің бәрі дерлік түрлі нұсқадағы свитшоттарды ұсынып отыр.
Бір тегіс түстегі свитшоттарды белдемшемен, шалбармен және биік өкше туфлимен іскери костюм (business casual) ретінде киген ұтымды. Мойынға көлемді алқа тағуға болады. Алайда қалған әшекейлердің мүмкіндігінше қарапайым болғаны дұрыс.
Кеудесі гүлмен, шілтермен безендірілген свитшоттар кербез бикештерге smart casual бейнесін жасауға арқау бола алады. Бұлар біртегіс әртүрлі пішіндегі белдемшелермен, классикалық үлгідегі және балтырға дейінгі ұзындықтағы шалбарлармен әдемі үйлеседі. Осындай костюмді биік өкшелі туфлимен киіп, кішкентай сөмке ұстап, кешкі шараларға да қатысуға болады.
Жануарлар суреті бейнеленген свитшоттар жастардың сүйікті үлгісіне айналған: студент қыздармен қатар оқушыларға да ұнайды. Алмұрт пішінді қыздар алды қиғаш жабылатын (косуха) күртенің ішінен кең етек белдемшемен, ал банан пішінді бикештер мұндай свитшотты классикалық шалбармен де, «қарындаш» белдемшемен де үйлестіріп кие алады. Ал алма пішінді қыздарға кеуде жағы кең пішіліп, етек жағы бүріліп келген свитшоттарды «қарындаш» белдемшемен үйлестіру әдемі жарасады.
Егер көңіл күйіңіз болмаса, жай джинсымен де киіп кете бересіз.
Свитшот – негізінен, жастардың киімі. Алайда, орта жастағы жіңішке, талдырмаш келген келіншектер де жоғарыдағы кеңестерге сүйеніп, үйлестіре алады.
Автор: Фариза Әбілова
Сурет: blogspot.com
Оқи отырыңыз:
Ф. Абилова