Күздің санаулы ғана күндері қалды, қылышын сүйреткен қыс та жақын. Алайда қыстың қамын жазда ойлап, парка күртешесін сатып алған адам еш уайым-қайғысыз екені хақ.
Өткен ғасырдың 50-жылдары эскимостардың осы бір киімін американ әскери ұшқыштары өздеріне тегіннен-тегін форма етіп алмағаны сөзсіз.
Ұзындығы тізеге дейін жететін, капюшонды қалың парка күртешесін дизайнерлер мен модельерлер бұрынғыдай хаки түстегі кенеп матадан ғана емес, көзді қуантатын әртүрлі түстегі жібек, зығыр, т.б. маталардан тігуді ұсынады. Алайда парка күртесі қазіргі күнде қысқа да болып шығатыны белгілі.
Сондықтан біздің соңғы сәнмен киінуді қалайтын жігіттеріміз бен бикештеріміз күртені өз талғамына сай таңдай алады.
Сән-салтанатқа жаны құмар әрі жылы жүруді ұнататын жастар капюшоны аң терісімен көмкерілген, астары мамықтан жасалған парка күртешесін, ал керісінше, көзге түсуді қаламайтындар мақта матасынан тігілген қарапайым түрін киеді. Бұл күртешеге милитари стиліндегі дөрекілеу аяқ киім, угги, сникерс қана емес, әдемі биік өкшелі етік те лайық.
Бұл маусымның тағы бір жаңалығы – парканы бұрынғыдай джинсы шалбар, леггинсымен ғана емес, дресс код және той көйлектерімен де кие беруге болады.
Егер табиғат аясын тамашалауға аттансаңыз, ішінен қалың свитер мен аяғыңызға сникерс кигеніңіз жөн. Тоқыма бас киім мен қара көзілдірік ерекше сән берумен қатар, көзді қарықтырған жарық пен аяздан қорғайды.
Автор: Фариза Әбілова
Сурет: fashion.com
Оқи отырыңыз:
Қысқы сән: жағалы жемпір
Ақшаны үнемдей отырып сәнді киіну
Күз-қыс 2014-2015 сән тенденциялары